Ұлытау жұртшылығы Қазақмыс ұйымдастырған думанды кеште бас қосты
Жезқазғанның орталық алаңында Металлургтер күніне орай «Қазақмыс» компаниясы ұйымдастырған ауқымды Metallurg Fest фестивалі өтіп, оған Ұлытау облысының мыңдаған тұрғыны мен қонағы жиналды, деп хабарлайды Politico.kz.
Кештің басты музыкалық оқиғасы ретінде Sadraddin-нің өнерін айтуға болады, себебі оның сахнаға шығуы алаңды ашық аспан астындағы үлкен би алаңына айналдырды. Сонымен қатар аты аңызға айналған «Ялла» тобы, Қазақстанның халық әртісі Болат Құсайынов пен BAYANSULU ән шырқаса, Мадияр Тойболды жетекшілік ететін тәуелсіз Ne Prosto Orchestra симфониялық оркестрі эстрадалық және әлемдік танымал туындыларды орындап, концерттің қорытынды нүктесін қойды.
Мерекелік бағдарламаны танымал жүргізушілер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин ашып берсе, музыкалық бөлімді Timur Teams би ұжымы мен заманауи эстрада әншісі IL’HAN жалғастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль отандық металлургия саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандар мен олардың отбасына деген құрметтің белгісі ретінде жыл сайын өткізілетін игі дәстүрге айналған.
Шара барысында балаларға арналған ойын және шығармашылық алаңдар, аквагрим аймақтары мен арт-кеңістіктер жұмыс істеп, аниматорлар химиялық шоу мен сабын көпіршіктері қойылымын ұсынды.
Ауқымды фестиваль Жезқазған аспанын сан алуан түске бөлеген мерекелік отшашумен аяқталып, қала тұрғындары концерттен кейін де алаңда қалып, естелік суретке түсіп тарқасты.
Соңғы жаңалықтар