Жаңа әкім мен Қазақмыс басшылығы Сәтбаевтың ескерткішіне гүл қойды

18.07.2026 14:53 Қарақат АСЫЛОВА
Жаңа әкім мен Қазақмыс басшылығы Сәтбаевтың ескерткішіне гүл қойды
78
Фото: KAZAKHMYS

Жезқазғанда Металлургтер күніне арналған мерекелік шаралар көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Салтанатты жиынға күні кеше тағайындалған Ұлытау облысының жаңа әкімі Есет Байкен, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, сондай-ақ «Kazakhmys Smelting» серіктестігінің бас директоры Жәнібек Байғабелов және өңір басшылығы, еңбек ұжымының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.

Жиналған қауым еліміздің тау-кен металлургия саласын дамытып, өңірдің минералдық байлығын игеруге зор үлес қосқан біртуар тұлғаның рухына тағзым етті. Оның өлшеусіз ғылыми мұрасының арқасында Жезқазған ірі өнеркәсіп орталығына айналып, ұлы ғалымның идеялары бүгінгі кеншілер мен металлургтердің жаңа буынына бағыт-бағдар беріп келеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, гүл шоғын қою рәсімі отандық металлургия тарихына деген ерекше құрметтің және саланы дамытып, еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқан ұрпақ сабақтастығының айқын символы болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий