Жай ғана көшбасшы емес: Қазақстан Орталық Азияның ЖІӨ-нің 50%-дан астамын өндіреді
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі $306 млрд-қа жетіп, ел Орталық Азиядағы жиынтық экономиканың 53.7%-ын құрады, деп хабарлайды Politico.kz порталы All China Review-ке сілтеме жасап.
Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, бүгінгі таңда Қазақстан аймақтың экономикалық өзегіне айналып отыр, өйткені ұлттық экономиканың ауқымы екінші орында тұрған Өзбекстанның көрсеткішінен екі еседен астам асып түседі. Егер Өзбекстанның ішкі жалпы өнімі $147.1 млрд болса, Түркіменстан экономикасы $77.4 млрд, Қырғызстан $21.6 млрд және Тәжікстан $17.5 млрд деңгейінде бағаланған.
Бұл алшақтық жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінде тіпті айқын байқалады. Қазақстанда бір адамға шаққандағы өнім көлемі шамамен $15 мыңға жетсе, Түркіменстанда бұл көрсеткіш $11.6 мыңды, Өзбекстанда $3.8 мыңды, Қырғызстанда $3 мыңды, ал Тәжікстанда $1.7 мыңды құраған. Мамандар мұндай айырмашылықты қазақстандық экономиканың жоғары өнімділігімен және құрылатын қосымша құн көлемінің үлкендігімен байланыстырады.
Қазіргі уақытта елдің экономикалық салмағы тек шикізат секторымен ғана шектелмейді. Жалпы қосылған құнның тек 11.9%-ы ғана тау-кен өндірісіне тиесілі болса, сауда саласы шамамен 20%-ды, ал өңдеу өнеркәсібі 13%-ды құрап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық саясаты өңдеу өнеркәсібін, цифрлық салаларды, логистиканы, қаржылық қызметтерді және инновациялық бағыттарды одан әрі дамытуды көздейді. Бұған қоса, елдегі жылжымайтын мүлік нарығы да айтарлықтай үлеске ие болып, көршілес мемлекеттерден оқ бойы озық тұр, бұл ішкі нарықтың дамығанын әрі құрылымдық тұрғыдан толысқанын көрсетеді.
Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2026 жылы Қазақстан экономикасының көлемі $360.4 млрд-қа жетіп, ел әлемдік рейтингте 49-орынға тұрақтайды. Сарапшылардың пайымдауынша, Өзбекстан бұл тізімде 61-орыннан көрінсе, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан әлемдік рейтингтің төменгі сатыларына орналасады. Өңдеу өнеркәсібін, логистиканы, цифрлық қызметтер мен қаржы секторын кеңейту Қазақстанға өсім көздерін әртараптандыруға және сыртқы өзгерістерге төзімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар