Ресей билігі утиль алымын көтерді
Ресей үкіметі 2030 жылға дейін автомобильге, автобусқа және кейбір арнайы техникаға арналған утиль алым мөлшерлемесін жыл сайын қайта есептеп, көтеруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды kolesa.kz.
РБК ақпаратына сәйкес төлем биыл көлік түріне байланысты 70-85 % өседі, ал содан кейін жыл сайын 2030 жылға дейін 10-20 % көтеріліп отырады.
Утиль алымы базалық мөлшерлеме негізінде есептеледі: 20 мың рубль (жеңіл автомобиль үшін) және 150 мың рубль (басқа көлік құралдары үшін). Төлем мөлшері автомобильдің жасына (үш жылдан асқан көліктер үшін мөлшерлеме айтарлықтай жоғары) және базалық мөлшерлемеге сәйкес коэффициентке байланысты анықталады.
Жеңіл электромобиль, гибрид үшін коэффициент 2024 жылы 1.63-тен 2030 жылға қарай 58.62-ге дейін артады. Қозғалтқыш көлемі 1-2 литр машина үшін коэффициент 27.81-ден 58.62-ге дейін; 3-3.5 литр — 89.73-тен 189.17-ге дейін, ал 3.5 литрден жоғары — 114.26-дан 240.89-ға дейін өседі.
Drom.ru порталы қозғалтқыш көлемі 2.0 литрге дейінгі ең көп сұранысқа ие жеңіл көлікті мысал ретінде алып, мөлшерлеме қалай өсетінін көрсетті. Қазір жеке пайдалануға әкелмейтін импортер үшін утиль алым сомасы 300 600 рубль (~1.6 млн теңге) болса, бірінші кезеңнен кейін ол 556 200 рубльді құрайды, ал 2030 жылы 1 172 400 рубльге (6 млн теңге) дейін жетеді.