Сауд Арабиясының энергетикалық компаниясы Қазақстанның пилоттық жобаларына қызығушылық танытты
Сауд Арабиясының астанасында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда жергілікті «Acwa Power» компаниясы Каспийдің Қазақстанға тиесілі аймағында жаңартылатын энергия кешенін салу жобасына қызығушылық танытты.
Бұл туралы Энергетика министрлігі баспасөз қызметі мәлім етті.
«Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Эр-Риядтағы Дүниежүзілік экономикалық форумның арнайы сессиясына қатысып, Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Абдулазиз әл Саудпен, ОПЕК Бас хатшысы Хайтам Әл Гаис (Haitham Al Ghais), ACWA Power Төрағасы Мұхаммед Абунаянмен (Mohammad Abdullah Abunayyan), сондай-ақ бірқатар халықаралық мұнай-газ компанияларының өкілдерімен кездесті.
Форум аясында энергетика министрі «Chevron» компаниясының халықаралық барлау және өндіру жөніндегі президенті Клэй Неффпен кездесті.
Кездесуде тараптар Теңіз кен орнын игеруге, Қарашығанақ кен орнын игеруге қатысты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелерін талқылады, Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруды және басқа да мәселелерді талқылады», – делінген министрлік мәліметінде.
Ведомство ақпараты бойынша, арабиялық «Acwa power» компаниясының басшысы Қазақстандағы тасқын жоюға қолдау көрсетуге дайын екендерін айтқан.
«Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаян мырза Қазақстанның Каспий маңы аймағында ЖЭК жобасын құруға қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар, компания Қазақстандағы «жасыл сутекті» дамыту жобаларына қызығушылық танытып отыр. Осы бағытта қазақстандық компаниялармен пилоттық жобаларды қарастыруда.
Сондай-ақ, «Acwa power» басшысы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға қолдау көрсетуге уәде берді», – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.