ШҚО-да биыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін қандай шаралар атқарылмақ

0
73

Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, аймақ экономикасының екінші негізгі саласы. Бүгінгі таңда аталмыш сала тұрақты дамып келеді және елдің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылымының 6%-ын құрап отыр.

Осы мақалада бұл салада алда атқарылайын деп отырған жұмыстардың жай-күйі баян етілмек.

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңір бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 539,4 млрд теңгені құраған. Онда өсімдік шаруашылығы өнімінің үлесі – 43%, мал шаруашылығы өнімінің үлесі – 57%.

«Агроөнеркәсіптік кешеннің (АӨК) серпінді дамуына аграрлық сектордың басым бағыттарын дамытуды субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары, кредиттеу бағдарламаларын іске асыру ықпал етеді. 2024 жылы субсидиялау бағдарламалары бойынша 23 795 млн. теңге қарастырылған. Оның ішінде инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға 8539,5 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – капитал сыйымдылығын төмендету және салынған инвестициялардың өтелімділігін арттыру арқылы АӨК-нің басым бағыттарында инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, – делінген ақпаратта.

Ал агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдықтарын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 5668,6 млн теңге қарастырылды.

Субсидиялау қарыз шарттары бойынша жүзеге асырылады, нақты айтқанда:

1) ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркеме жабдықты сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға, инвестициялық мақсаттарға (жеңіл автомобиль көлігі мен жолаушылар көлігін қоспағанда), құрылысқа (ұн, минералды су және алкогольсіз сусындар өндіруге арналған негізгі құралдарды сатып алуға арналған қарыздарды қоспағанда);

2) өндірістік процестің технологиялық циклі үшін қажетті айналым қаражатын толықтыруға;

3) көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге берілген қарыздар бойынша жүзеге асырылады.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға – 4775,8 млн теңге бөлінді. Осы бағдарлама бойынша субсидиялар қағидаларда бекітілген нормативтерге сәйкес асыл тұқымды ірі қара мал, қой, жылқы шошқа сатып алғаны үшін, ірі қара, қой, шошқа, марал және аралардың аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысы үшін төленеді. Субсидиялар өндірілген сиыр сүті мен құс еті үшін де төленеді», – делінген хабарламада.

Өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға – 4088,6 млн теңге жұмсалмақ. Осы бағдарлама шеңберінде субсидиялау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

– Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау – 1120,9 млн теңге.

– Пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын субсидиялау – 1301,0 млн теңге.

– Тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын субсидиялау – 1650,7 млн теңге.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау – 16 млн теңге. Субсидия алушылар – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, олар су берушіден су беру қызметтерін сатып алады және оларды төлеу шығындарын өтеп алады.

– Қайта өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп өңдеу өнімдерін өндіру үшін сатып алуға жұмсаған шығындарын субсидиялауға – 571,9 млн. теңге.

«Бағдарлама шеңберінде қайта өңдеуші кәсіпорындардың оны терең өңдейтін өнімдерді (сары май және қатты ірімшік) өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсаған шығындары субсидиялауға жатады. Кепілдік берілген сатып алу бағасы мен сатып алу бағасы белгіленетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізбесіне сәйкес қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп қайта өңдеу өнімдерін өндіру үшін сатып алуға жұмсаған шығындары субсидиялауға жатады», – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ажар Каджибекова.

Субсидиялар осы жылы және өткен жылдың төртінші тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден, ауыл шаруашылығы кооперативтерінен және дайындаушы ұйымдардан сатып алуға жұмсалған қайта өңдеу кәсіпорындарына төленеді. Барлық субсидиялау бағдарламалары бойынша субсидиялар төлеу субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі электрондық өтінім негізінде жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Ол беру сәтінде субсидиялау қағидаларында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келуі тиіс.

Осы ретте, кредиттеу бағдарламалары туралы айтар болсақ, 2024 жылы «Ауыл аманаты» халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша 5,4 млрд теңге бөлініп, 965 микрокредит жоспарланған. Қаржыландыруды сенім білдірілген агент – «Ертіс» ӘКК жүзеге асырады. Кредиттеудің басым бағыттары:

– Бордақылау және өнім алу, өсіру, өсімін молайту (мал басын ұлғайту) мақсатында етті және сүтті мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, қой шаруашылығы, құс шаруашылығы;

– Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне микрокредит беру – негізгі және айналым қаражатын, ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу үшін, мал азығын дайындау және сатып алу үшін;

– Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығына техникалық қызмет көрсету және жөндеу станцияларын ашу, кеңейту және жаңғырту үшін;

– Жылыжайларды салу, жаңғырту және қызмет көрсету үшін;

– Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тауарларды өндіру, өңдеу және қайта өңдеу;

«Бұл жобаның нысаналы санаты – зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыссыздар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жеке қосалқы шаруашылықта сатуға арналған өнім өндіру бойынша қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратындар, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер (ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру бойынша шағын және орта бизнесті ашу және дамыту), өндірістік кооператив мүшелері. 2024 жылы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша СҚО тәжірибесін тарату шеңберінде 3 млрд теңге бөлінді. Жалпы ауданы 1,5 мың га суды үнемдейтін суару технологияларын енгізу бойынша 2 жобаны қаржыландыру жоспарланды», – делінген мәліметте.


ПІКІР ЖАЗУ