«Тыйым салынған белгіге қарамастан түскен»: министр ҚазҰУ аумағындағы талапкер қазасына пікір білдірді

0
33

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет кулуарында ҚазҰУ аумағында 11-сынып оқушысы қазасының екі ықтимал себебін атады,-деп хабарлайды politico.kz

Ғылым министрлігі басшысы Саясат Нұрбек ҚазҰУ аумағындағы субұрқақта қаза тапқан жас жігіттің өлімін тергеу барысына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, сол күні, 19 маусымда №185 мектептің 11-сынып оқушысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ҰБТ тапсыруға барған. «Сағат 16:00-ден соң, яғни түстен кейін күн өте ыстық болды, бірақ ол тыйым салу белгісіне қарамастан, субұрқаққа көтерілген.

Субұрқақ қос қабатты болған, ол негізгісіне түскен. Өлімнің себебі бойынша қорытындыны медициналық сараптама бүгін береді деп күтіліп отыр. Мен таңертең есепті тексеріп үлгермедім. Алдын ала екі себеп айтылды: не жүрек тоқтауы, не электр тогының соғуы. Бірақ сараптама міндетті түрде нақтылауы керек», – деді Саясат Нұрбек. Министрдің айтуынша, марқұм ҰБТ тапсыра алмаған, себебі 18 маусымда электр қуатындағы ақауға байланысты сынақ 23 маусымға ауыстырылған. Саясат Нұрбек

«Субұрқақтан ақау анықталатын болса, университет жауапкершілікке тартыла ма?»

деген сауалға да жауап берді. «Біз сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтуіміз керек, ол туралы мәлімет сұрап үлгерген жоқпын, біріншіден, өлімнің себебін анықтау керек, тек содан кейін ғана айта аламыз», – деп қосты министр. Оның айтуынша, мұндай қайғылы жағдай елімізде алғаш рет болып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ