Жайлы мектеп – ұлт болашағына салынған инвестиция

0
74

Табысты ұлт болудың маңызды шарттарының бірі – орта білім сапасы. Ал әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалып, заманауи мектептер салынуы тиіс. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы айрықша назар аударып келеді. Мәселен, Президент 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатындығын мәлімдеген еді.

Ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті, ал 2025 жылы 152 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мектептердің 163-ы немесе 44 пайызы ауылдық жерлерде салынады. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге, оның ішінде:

  • 2023 жылға – 500 млрд теңге
  • 2024 жылға – 976,3 млрд теңге
  • 2025 жылға – 909,4 млрд теңге бөлінген.

Таяуда өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленіп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптар бекітілген айтқан еді. Нақтырақ айтқанда:

Біріншіден, мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді.

Екіншіден, эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі рәсімелді.

Үшіншіден, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды.

Төртіншіден, қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.

Бесіншіден, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру көзделді.

Алтыншыдан, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді.

Жетіншіден, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша киім ілетін орын қарастырылды.


ПІКІР ЖАЗУ