Жалақы кешігіп, зейнетақы аударылмайды: Жамбыл облысында дәрігерлер құқығы тапталып жатқанына шағымданды

0
2759

Елімізде денсаулық саласына үлкен көңіл бөлініп келеді. Ақхалатты абзал жандардың кәсібилігі, біліктілігі әсіресе жаһанды жайлаған COVID-19 вирусы кезінде аса қажет болды. Мемлекет басшысы дәрігерлердің құқығын қорғайтын заң қабылдап, сала мамандарына үлкен жағдай жасаған. Дегенмен дәрігерлер құқығы аяққа тапталатын кездер де ара-тұра кездесіп жатады. Pоlitico.kz тілшісі осы тұста Ербол Қарашөкеев әкім болып отырған Жамбыл облысындағы медицина мамандарының шағымына тоқталып өтпек.

Жамбыл облысының Жамбыл аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері мекеме басшылығына қатысты мынандай шағым түсірді:

  1. Еңбек демалысына күнтізбе бойынша ғана жібереді.
  2. Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру 3 айға кешігеді.
  3. Жалақы толық көлемде аударылмайды.
  4. Зейнетақы аударымдары мен сақтандыруды ұстап қалғанмен, аударылмайды.
  5. Осыған байланысты несиеге рұқсат берілмейді.
  6. Олар ставканы 0,75 пайызға төмендету туралы хабарлама таратқан. Келісімге қол қойылмағанына қарамастан шілде айындағы жалақыдан ұстап қалғысы келеді.
  7. Медициналық бөлім бойынша орынбасар мен медбике басшылары өз кабинетінде болмайды. Дәрігерлер оларды бөлімшелерден іздеуге мәжбүр.
  8. Жалақы төлеуге шамалары жетпегеніне қарамастан, жыл бойы жұмысқа жаңа қызметкерлер қабылдаған.
  9. Дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Қызметкерлерге өз қаражатынан алуға мәжбүрлейді.
  10. Бас дәрігер тарапынан медбикелердің жұмысы бақыланбайды.
  11. Емдеу жағынан бас дәрігердің орынбасары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, кез келген уақытта тексеру жүргізіп, қатаң сөгіс жариялайды. Соның салдарынан жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жарты жылдап төленбейді.
  12. Ары қарай не істеуіміз керек!?
  13. Егер облыстық денсаулық сақтау басқармасынан үміттенгенімізде ведомство басшылығына хат жазар едік. Бірақ олардың ым-жымы бір.
  14. Бізге Денсаулық сақтау министрлігі, Антикор, Жамбыл облысының әкімдігі тарапынан тексеріс қажет.
  15. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. ҚР Президентіне де хат жазамыз.

Ақхалатты мамандар аудандық аурухана басшылығының заңсыз әрекеттері туралы жазып, әкім Ербол Қарашөкеевті белгілеген.

Айта кетейік, жуырда Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтауда дәрігерлер жұмысының маңызына ерекше тоқталып өткен.

«Сіздер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға өлшеусіз зор үлес қосып келесіздер. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы миссия.

Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ, елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі.

Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер», – деді Мемлекет басшысы.

Бірнеше ай бұрын Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған. Міне дәл осы заңға мынандай түзетулер енгізілген:

«Кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандығына құрметпен қарау».

Ал Жамбыл облысындағы медицина қызметкерлерінің шағымына сүйенсек, Ербол Қарашөкеев әкім болып отырған Жамбыл облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған заң талаптары тиісті деңгейде қорғалмай отыр. Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімдігі, Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің шағымына қатысты ресми түсініктеме беруін сұраймыз.



ПІКІР ЖАЗУ