Жемқорлардың мүлкін тәркілемей, «мұртын балта шаппайды»…

0
28

Елімізде жемқорлық бабымен сотталған азаматтардың мүлкін тәркілеу жағы әлсіз боп тұр. Тіпті, жүргізілмейді деуге болады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тиімсіз етуде. Сондықтан да осы олқылықтың орынын толтыратын уақыт келді.

Коррупциялық қылмыстар еліміздің имиджіне де, экономикасына да орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Әсіресе, мүліктік шығындар миллиардтаған сомамен саналады. Айталық, 2021 жылы мұндағы көрсеткіш 9 миллиард 655 миллион 348 мың теңге болған болса, 2022 жылы 12 миллиард 348 миллион 425 мың теңгені құраған. Ал былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық істерден келген шығын көлемі 51 млрд 36 млн 153 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Осы тұста мұның ең бірінші себебі – жемқорлардың мүлкінің тәркіленбейтінінде. Тағы да цифрлар келтірсек, былтыр Қылмыстық кодекстің 366-бабымен пара алғаны үшін 198 адам сотталған. Солардың тек 18-і ғана мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жазаға тартылған. Сол сияқты ҚК-нің бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ысырап еткені немесе жымқырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған 189-бабы бойынша 517 адам сотталған болса, олардың тек 9-ының ғана мүлкі «кәмпескеленген». Мұндай статистика коррупционерлерге қарсы конфискация жазасының қолданылмайтынын көрсетеді.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында органдар басты назарды жасалған қылмысты дәлелдеуге, яки оның айғақтарын табуға салады. Ал тәркілеуге жататын мүлікті анықтауға тиісті көңіл бөлінбейді. Өйткені бұл органдарда онымен айналысып отыратын мамандар жоқ. Бір жағы бұл жердегі бір мәселе Қылмыстық кодексті шектен тыс либерализациялауда жатыр. 2014 жылы басталған бұл үрдіс құқық қолдану практикасында қылмыстық жауапкершіліктен босату, жазаны анағұрлым жеңіл түріне ауыстыру сипатында жиі көрініс тапты. Бұл қылмыстық саясаттың аса маңызды принциптеріне, әсіресе әділеттілік қағидатына және міндетті түрде жауапкершілікке тарту, жазаның бұлтартпастығы деген ұғымдарға қайшылық тудырды. Соның кесірінен қылмыстық қудалау орбитасында жүрген адамға профилактикалық әсер ету пәрменділігі әлсіреп кетті. Қолында билігі мен байлығы барлар еркінси бастады. Тәркілеу шарасының міндетті қолданылмауы олардың жазасын түрлі жолдармен тез өтеп шығып, одан әрі шалқып өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр», – дейді Әділет министрлігі Заң шығару және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Саттар Рахметов.

Қылмыстық кодексті либерализациялаудың бір мысалы: 65-баптың 1-бөлігінің екінші абзацы сотқа коррупциялық қылмысты алғаш рет жасаған адамды, шынымен өкініп, айыбын мойындайтын болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатуға құқық береді. Тіпті ол осы кодекстің 366-бабы 4 бөлігіндегі 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасаған болса да солай. Ол аздай қылмыстық жолмен алған мүлкі тәркіленбейді, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза да қолданылмайды.

«Бұл баптардың айқын бір дерегі: 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі аса ірі парамен ұсталған «Қорғас» мекемесінің бұрынғы басшысы Василий Ни мен сол іс бойынша пара беруге қатысқан М.Сайдуллаева қылмыстық жауапкершіліктен босап, құтылып кеткен. Бір қызығы, аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өзі тоқтатқан. Мұндай мысалдар елімізде жетіп-артылады. 2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркелген болса, оның 1451-і бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, 1221-і сотқа жолданған. Соның ішінде 230 іс ақтауға жатпайтын негізде, 725 іс ақтауға жататын негізде тоқтатылған болса, 142 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеулер үзіліп қалған. Осыдан-ақ қылмыстық істердің айтарлықтай көп бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тоқтатылатынын аңғаруға болады. Тіпті 2021-2022 жылдары өндірісі тоқтатылған және мерзімдері үзілген істер саны сотқа жолданғаннан да асып түскен. Ал шындығында бұлайша қылмыстық қудалауды тоқтатқан дұрыс емес», – дейді профессор Саттар Мұқанұлы.

Оның айтуынша, жемқорларға жазаның ең жұмсағы, яки айыппұл салу өте жиі, ал бас бостандығынан айыру сынды ең қатаң түрі өте сирек қолданылады екен. Істі болғандардың 64-74% айыппұлмен құтылады. Ал бас бостандығынан айырылғандардың үлесі 30%-ға да жетпейді. Онда да сотталғандар жазасын қауіпсіздігі ең төмен түзеу мекемесінде өтеуге мүмкіндік алған. Қоныс-колонияларында орналасып, айдауылсыз жүре алады. Сондықтан да заңды қатаңдата түсу қажет.

Мұндағы ең бір нәтижелі шара – конфискация болар еді. Өйткені, түрлі бағалаулар бойынша, тәуелсіздік жылдарында шетелге 165-450 миллиард доллар аралығында қаражат шығарылған. Біздің 30 мыңға жуық шенеуніктер өз активін шетелде жасырып отыр екен. Ендеше, тәркілеу шаралары осындай сырттағы қаражатты да қамтуы керек.


ПІКІР ЖАЗУ