Күйеуі өртеп жіберген алматылық әйелдің ісі бойынша айыпталушылар жазадан құтылып кетті

Бұрынғы күйеуінің қатыгез әрекетінен аман қалған Индира Тергеубаеваның әділдік іздеп келе жатқанына үш жылға жуық уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін нақты жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғаны көрмей отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Stan.kz агенттігінің хабарлауынша, бұл іске тікелей жауапты көші-қон полициясының подполковнигі Данияр Аденов "ауыр зардаптарға әкеп соққан немқұрайлық" бабы бойынша кінәлі деп танылғанымен, істің ескіру мерзімі өтіп кеткені себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Прокурордың өтініші бойынша сот бұл істі жабу туралы шешім шығарды.
Айта кетерлігі, Аденов 2021 жылы Жоғарғы соттың шешімімен Ресей азаматы Али Боприевті Қазақстаннан депортациялауы тиіс еді. Боприев бұған дейін бұрынғы әйелі Индираға күш қолданғаны үшін сотталған болатын. Алайда көші-қон органдары бұл шешімді орындамай, салдары ауыр қылмысқа ұласқан. Бір жарым жыл өткен соң Боприев Индираның жұмыс орнына келіп, екеуіне де бензин шашып, от қойған. Ер адам сол жерде қаза тапты, ал Индира ауыр жарақат алса да, өмірде қалды.
Сот шешімімен Аденов Индира Тергеубаеваның пайдасына 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Сонымен бірге көші-қон қызметінің тағы екі қызметкеріне қатысты жеке қаулы шығарылды. Алайда бұл – тоғыз рет ота жасатқан жәбірленушінің пайдасына қабылданған санаулы шешімдердің бірі ғана.
Адвокат Айнара Айдарханова бұл үкіммен мүлде келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық іс дер кезінде қозғалмаған, тергеу тым ұзаққа созылып, мемлекет тарапынан бірде-бір рет кешірім сұралмаған. Материалдық және моральдық шығын да өтелмеген. Қазір адвокаттар Аденовке қатысты үкімге апелляциялық шағым әзірлеуде, себебі тергеу барысында барлық дәлелдер мен сараптамалық қорытындылар ұсынылғанымен, жауаптылардың шынайы жауапкершілігі анықталмай отыр.
Индира Тергеубаева бұл шешімге қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында өз үндеуін жариялап, әділдікке сену мен күрестің маңыздылығын атап өтті. Ол: «Жеңіске сеніңіздер. Өзіңізге сеніңіз. Ақиқатқа қол жеткізіңіздер. Өтіріктің пердесін жыртыңыздар. Бұл ұзақ әрі азапты жол. Бірақ оны жеңуге болады», – деп жазды.
Соңғы жаңалықтар





