Шиеліде намаз оқитын мұғалім әйелін балталап, саусақтарын кесіп тастаған

Қызылорда облысы Шиелі ауданында балтамен әйелін бірнеше рет ұрып, саусақтарын шапқан мектеп мұғалімі қамауға алынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Бала би ауылында болған отбасылық жанжал бүкіл елді дүр сілкіндірді. Биология пәнінің мұғалімі болып 21 жыл еңбек еткен 44 жастағы азамат әйеліне балтамен бірнеше рет шабуыл жасап, ауыр дене жарақатын салғаны үшін қамауға алынды. Жантүршігерлік оқиғаға ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы әлі де сене алмай отыр. Әріптестері оның бұрын-соңды оғаш әрекетке барғанын байқамағанын айтып, мұғалімнің діни ұстанымы бар, ішімдік пен темекіге әуестігі жоқ екенін алға тартуда.
Қылмыс күдіктінің өз үйінде орын алған. 42 жастағы әйел бірнеше жерінен жараланып, саусақтары шабылып, басынан өткір құралмен соққы алған. Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта келіншектің ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілгенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, науқас миының ауыр соғылуы, маңдай сүйегінің сынуы және екі қолындағы бірнеше ашық сынықпен түскен.
Алдын ала болжам бойынша, мұндай ауыр қылмысқа ер адам әйелінің Астана қаласында жұмыс істеуіне қарсы болғандықтан, қызғаныш себеп болуы мүмкін. Дегенмен бұл мәлімет әзірге ресми расталмады. Полиция оқиға орнынан күдіктіні ұстап, "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жұмыстары жалғасуда, ал басқа деректер әзірге жария етілмей отыр.
Күдікті мен жәбірленуші бес баланы тәрбиелеп отырған отбасы. Ең кенжесінің жасы төртте. Бұл оқиға Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Отбасындағы қатыгездік пен әйелге қарсы күш қолдану – қоғамда жүйелі түрде шешуді талап ететін өткір мәселе екені анық.
Соңғы жаңалықтар





