Global Finance Еуразиялық банкке “Тұтынушылық несие инноваторы” атағын берді

0
66

1 маусым күні Global Finance беделді халықаралық басылымы үздік қаржы инновацияларына 2023 жылғы Innovators Awards сыйлығын берді. 

Еуразиялық банкке Вroker 2.0 жобасы —тауарлық несиені 4 секундта мақұлдау шешімі (нарықта орташа есеппен 30-40 секундқа созылады) үшін «Тұтынушылық несие инноваторы» (Top Innovator in Consumer Finance) атағы берілді.

Технологиялық үдеріс пен салалық стандарттардың қабылдануы инновацияларға кең жол ашты. Ең жаңашыл банктер мен қаржы-технологиялық компаниялар клиенттердің көзайымына айналуда.
Біз 21 ғасырда қаржы көшін бастаған инновация иелерінің мықтылығын мойындаймыз, — деді Global Finance баспагері және редакциялық директоры Джозеф Джиаррапуто.

Биыл он бірінші рет өтіп отырған Global Finance жыл сайынғы марапаттау бағдарламасы үнемі жаңа жолдарды іздеп тауып, қаржы саласында жаңа құралдарды дамытып жүрген ұйымдарды атап өтті.

Еуразиялық банктің цифрландыру бағытындағы жұмыстары жемісін берді, тауар несиесін мақұлдаудың 4 секундтық уақыты рекорд болып саналады. Шешім барлық күткен нәтижелерден асып түсіп, енді банктің басқа өнімдеріне таралуда. Біздің жетістігіміздің Global Finance беделді қаржы басылымының жоғары кәсіби бағасына ие болуы ерекше қуаныш сыйлады, — деп пікір білдірді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.

Сонымен қатар, цифрлық және әріптестік өнімдерді сату жөніндегі атқарушы директор Диас Шәріпжанов та сөз сөйледі.

4 секундтық нәтижеге мемлекеттік сервистермен интеграциялау, банкті куәландырушы орталық ретінде лицензиялау, сұраулар мен кодты оңтайландыру, шешім қабылдау жүйесіндегі тәуекел моделін өзгерту, сондай-ақ клиент жолын екі көрсеткішке (клиенттің телефон нөмірі және ЖСН) бейімдеу сияқты шешімдер кешені арқылы жеттік. Алға қойылған міндет қиялдай көрінгенімен, командамыз оны шындыққа айналдырды, — деп өз ойын қосты ол.

Жеңімпаздарды Global Finance редакциялық алқасы инновациялар салаларының сарапшылары болып саналатын журналист-репортерлардың пікірлеріне сүйене отырып анықтады. 2023 жылғы жеңімпаздар туралы есеп Global Finance компаниясының маусым айындағы баспа және цифрлық басылымдарында, сондай-ақ GFMag.com.сайтында жарияланбақ.

Айта кетейіе, Еуразиялық банк — Қазақстан банктерінің ішінде активтері жөнінен алтыншы орындағы әлеуметтік маңызды қаржы институты. Автонесие беруден даусыз көшбасшы, тауар несиесі жөнінен үздік 3 банктің қатарында, бөлшек банкинг нарығында жетекші орынды ұстап тұр, корпоративтік клиенттер мен кәсіпкерлерге қызметтердің кең ауқымын ұсынады. Банктің Moody’s шкаласы бойынша В2 рейтинг болжамы 2022 жылғы 15 желтоқсанда «позитивті» деген бағамен расталған болатын. Банк ERG тобының (минералдық ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі) экожүйесіне жатады.

Global Finance журналы АҚШ-та 1987 жылдан бері шығарылады. Журналдың әлемнің 192 еліндегі таралымы 50 мың данадан асады, оқырмандарының негізгі аудиториясы — инвестициялық және стратегиялық шешімдер қабылдауға жауапты халықаралық компаниялар мен банктердің топ-менеджерлері, қаржы директорлары.

ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген 2020 жылғы 3 ақпандағы № 1.2.68/242/40 лицензиясы


ПІКІР ЖАЗУ