ЖАҢА ҮКІМЕТТІҢ ЖҮГІ

0
27

Кешелі бері талқы болған тақырып ол Үкіметтің отставкасы және «Жаңа Үкіметбасы кім болады» деген сұрақ аясында өрбіді. Сан сәуегейлік айтылды. Бүгін бұл сұрақтың жауабы анықталды. «Amanat» фракциясы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтың кандидатурасын ұсынып, оны Мәжіліс депутаттары қабылдады.
Енді жаңа Үкіметтен не күтеміз? Қазіргі таңда елде кезек күттірмейтін мәселелердің жиналып қалғаны белгілі. Бұрынғы Үкіметтің жұмысын да толық жоққа шығаруға болмас. Мысалы өткен жылы еліміз әлемдегі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығыныа қарамастан өсім 5,1%-ды құраған болатын. Сондай-ақ елімізге 28 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. «Заңсыз иемденген активтерді қайтару», «Ұлттық қор – балаларға», жобалары жүзеге асты. Бұл енді бұрынғы Үкіметтің жұмысы ретінде айтылады. «Смаилов не істеді» дегенде осыларды айтуға болар.
Бірақ шешімін күтіп тұрған мәселелер әлі де көп. Мысалы азық-түлік бағасының өсуі, халықтың несиеге белшеден батуы, 640 мыңнан астам ел тұрғынының баспана кезегінде тұруы, өңірлердегі су тапшылығы, тозығы жеткен ТЭЦ-тер, медициналық сақтандыру жүйесінің жағдайы, өңірлердегі жұмыссыздық мәселесі. Бұл бер жағы. Айта берсек, көп.
Бұдан бөлек Президент те өз сөзінде «Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет» деп айтып кетті. Енді жаңа Үкіметтің алдында осы мәселелерді тез арада шешіп, нәтиже шығару міндеті тұр.
Үкімет құрамының жаңадан жасақталып жатқаны да жайдан-жай емес. Жаңа адамдар қанша дегенмен жаңа ойлармен, жаңа шешіммен келеді. СІМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі өзгермейтіні онсыз да белгілі еді.
Қазір Жаңа Үкіметтің алдында бюджетті үнемді ұйымдастыру білу мен жаңа Салық кодексін қабылдау бойынша маңызды міндет тұр. Себебі қазірдің өзінде бюджет тапшылығы сезіліп жатыр. Ал бюджет тапшылығы мен күтпеген шығындарды жабуға Ұлттық қордың қаражат ала бермес үшін жаңа Үкімет тез арада бұл мәселенің шешімін табуы керек. Ұлттық қор созыла беретін резеңке емес қой. Онсыз да ортайып қалды. Осы тұста елге заңсыз тәркіленген активтерді қайтару мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жан-жақты күрес жұмыстарын жүргізу күшейту қажеттілігін айта кетсе болады.
Ал жаңадан тағайындалған Премьер Министр Олжас Бектенов осы жемқорлықпен күрес саласында айтарлықтай тәжірибесі бар маман. Оның үстіне Заңсыз иемденген активтерді қайтару ісінен де шет қалмаған екен. Сол үшін де биліктің назары ауған сияқты.
Президент Тоқаев: «Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын» деп, жаңа Премьерге жауапкершілік артатынын ашып айтты.
Олжас Бектеновтың өзі де Парламент Мәжілісінің отырысынан кейін «Отандық өнімдердің үлесін арттыру қажет. Басты міндетіміз – отандық бизнесті қолдау. Сондай-ақ су ресурстары, энергия үнемдеу, көлік-логистикалық желі бойынша белсенді жұмыс істейміз. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету шаралары мен халықты толғандыратын басқа да мәселелер үкіметтің үнемі назарында болады» деді.
Әрине, әзірге болжам айтуға ерте. Жұмыс нәтижесі шамамен күзде көрініп қалар. Жоғарыда айтылған міндеттерді шеше алса игі еді. Іске сәт дейміз әзірше! Асхат Қасенғали, саясаттанушы


ПІКІР ЖАЗУ