Биыл «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығының құрылысы басталады

0
13

 

Қазақстан және Өзбекстан сауда министрлерінің орынбасарлары Қайрат Төребаев пен Хуррам Тешабаевтың төрағалығымен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құруды жеделдету жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Тараптар ӨКХО-ны дамытудың алдын ала жоспарларын таныстырып, нысанның инфрақұрылымы мен толтырылуына байланысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігі.
Отырысқа қатысушыларға қазақстандық инвестор – «TCL gr.» ЖШС ұсынылды, ол 7 ақпанда конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша анықталды.

Инвестор Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп өнеркәсіптік кооперация орталығын дамыту тұжырымдамасын әзірледі және нысанның құрылысын биыл бастауды жоспарлап отыр. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. ӨКХО екі елдің шекара аумағында салынады. Өзбекстан тарапынан «Гүлистан» және Қазақстан тарапынан «Атамекен» халықаралық өткізу пункттері болады.

ӨКХО оператор-компаниясының функцияларына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен және Түркістан облысының әкімдігімен келісім бойынша объектінің аумағында жобаларды іріктеу және орналастыру кіреді. Сондай-ақ, инвестор индустриялық аймақтың қатысушылары мен резиденттері үшін сервистік қызметтер көрсететін болады. Орталықты дамыту және ілгерілету бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның іргелес облыстары әкімдерінің орынбасарлары «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығын жедел құру жөніндегі Жол картасына қол қойды. Сондай-ақ қазақстандық «TCL gr.» ЖШС Global Textile өзбек компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл дайын тоқыма өнімдерін өндіруге бағытталған ОКХО-ның алғашқы инвестициялық жобасы болып табылады.

Вице-министр Қайрат Төребаевтың айтуынша, өнеркәсіптік кооперация орталығын техникалық іске қосу 2026 жылдың 4 тоқсанына, ресми ашылуы 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. ҚР Сауда және интеграция министрлігі жобаны іске асыру кезеңдерін және оның аяқталуын толық бақылайтын болады.

ӨКХО құру шекара маңындағы елдермен сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді, мемлекеттеріміздің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының өсуін ынталандырады.


ПІКІР ЖАЗУ