Кейбір шаруалар жеңілдетілген дизель алуға өтінім беріп үлгермеді – Айдарбек Сапаров

0
26

Облыстардың әкімдіктері дизель отынының бөлінетін көлемін тиеп-жөнелту жұмыстарын жандандыруы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

«Көктемгі науқанды техникалық қамтамасыз етуге келетін болсақ, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 149,9 мың трактор, 5,0 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешендері, 76,4 мың тұқым сепкіш, 219,1 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Бүгінде өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 85 пайызды құрайды. Жаппай егіс жұмыстары басталатын кезде техника 100 пайыз дайын болады. Өткен аптада министрлік кеңес өткізгенін атап өткім келеді. Онда отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілермен қосалқы бөлшектерді уақтылы жеткізу және оларға қолайлы баға белгілеуді қалыптастыру мәселелері талқыланды», — деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар министр 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген дизель отынының көлемін қалыптастыру алғаш рет gosagro.kz порталы арқылы шаруалардың электрондық өтінімдері негізінде жүзеге асырылғанын атап өтті.

«Республика бойынша барлығы 340 мың тонна дизель отыны көлеміне жиынтық өтінім қалыптастырылды. Жиынтық өтінім негізінде Энергетика министрлігі дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру графигін, сондай-ақ жеңілдікті дизель отынының құнын литріне 250 теңге деңгейінде бекітті. 26 наурыздағы мәліметке сәйкес, мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге барлығы 67,7 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Облыстардың әкімдіктері дизель отынының бөлінетін көлемін тиеп-жөнелту жұмыстарын жандандыруы қажет», — деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта өтінім беру және жеңілдікті дизель отынын алу рәсімі толығымен цифрландырылған. Бірақ жекелеген шаруалар көрсетілген мерзімдерде өтінім беріп үлгермеді.

«Осыған байланысты, жекелеген өңірлердегі әкімдіктер және фермерлер өтінімдер қабылдауды қосымша ашу мәселесін көтеруде. Энергетика министрлігінен облыстар әкімдіктерінің ұсыныстарын қолдауды сұраймын», — деді министр.


ПІКІР ЖАЗУ