Қос министр сейсмология саласына таласып жатыр

0
26

Осы орайда Мәжіліс депутаттары Сейсмология институтын, орталығын, жалпы сейсмология ғылымын Төтенше жағдайлар министрлігінен алып қойып, Саясат Нұрбектің командасына – Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне беру идеясын ілгерілете бастады. Мұның астарында қандай мүдде жатқаны белгісіз. Бір белгілісі, ТЖМ басшылығы тоқтаусыз «тербелген» Алматының жайына дабыл қағып, шырылдап жүріп, осы салаға миллиардтаған қаражаттың бөлінуіне қол жеткізген болатын.

Бастаманы ілгері итермелегендердің бірі – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ғалымдардың өздері С.Нұрбектің қанатының астына оралғысы келеді дегенді айтты. Мұны Алматыда Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездескенде естіген-мыс. Әйтсе де, ол соны айтқан ғалымдардың атын атап, түрін түстеп жатпады.

«Іс жүзінде Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлері бишараның күнін кешіп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбады. Ғылыми жобаны министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Барлық қаржыландыруды кесіп тастады. Тіпті олар айлық та алмайды. Міне, сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сейсмостанциялардың өзі қаңылтыр темір! Оны музейге де өткізе алмайсың, қабылдамайды. Сейсмологиялық қауіпсіздіктің дәрежесі енді осындай. Сейсмология институты бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Сейсмолог ғалымдардың пікірі бойынша бұл – қателік! Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек», – деп шорт кесті депутат Базарбек.

Бұл «депутаттық» бастамаға пікір білдірген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек одан өзі де «кетәрі» еместігін айтты. Ол «кезінде бірталай институттарының салалық министрліктерге беріліп кеткеніне» қынжылыс білдірді.

Мысалы, Білім және ғылым министрлігіне қарасты бірқатар ҒЗИ-ларды, институттарды, тұтас университеттерді Ауыл шаруашылығы министрлігі алып қойғаны мәлім.

«Содан ауыл шаруашылығында да көп мәселелер жиналып қалды, ол саладағы институттарымыз да басқа жаққа кетіп қалған. Сейсмология институты қазіргі кезде шынында, Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретінде. Өкінішке қарай, ол институтты толыққанды қаржыландыру деген жоқ, қалдық принциппен кеткен. Олардың ішкі процедураларына араласуға біздің де мүмкіндігіміз болмай тұр. Егер қайтарылса, біз оған қарсы болмаймыз!», – деді Саясат Нұрбек.

Дегенмен, ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің биыл Сейсмология институтына үлкен нысаналы бағдарламалық грант беріп отырғанын, оның сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде екенін растады. Бүгінде ғылым министрлігі ТЖМ-мен бірге олардың өтініштерін пысықтап жатқан көрінеді. Бекіткен соң Үкімет жанындағы Жоғары техникалық комиссияның отырысының қарауына шығарады.

Салыстырсақ, Білім және ғылым министрлігі 2016-2018 жылдары Сейсмология институтына микроаудандауға негізделген сейсмикалық карта жасауға небәрі 1,5 млрд теңге ғана бөлген.

«Қазіргі заманғы ғылыми-әдістемелік негізде Қазақстанның қалалары мен облыстарының территориясындағы сейсмикалық қауіпті бағалау» атты кең ауқымды ғылыми бағдарламасына Сейсмология институты әу баста 22 миллиард теңге сұратыпты. Кейін амалсыз, сұранысын 10 миллиард теңгеге дейін қысқартқан. Министрлік ақыр соңында 2 млрд теңге ғана бөлуге ұсыным жасапты. Оның берілген-берілмегені белгісіз.

С.Нұрбек бұл институт кіретін орталықты ТЖМ басшысы Шыңғыс Әріновтың ұжымынан тартып алып, өзіне бағынысты етуді өзі қатты қалап отырғанын жасырмады. Демек, осы бағытта қимылдауға ниетті.

Осыдан кейін бірқатар ақпарат құралдары мен телеграм-арналар медиа-кеңістікте, қоғамдық пікірде толқын туғызып, ТЖМ-нің қоластында Сейсмология институтының «жағдайы мүшкіл екенін» жаза бастады.

Shishkin_like тelegram-арнасының жазуынша, биылғы қаңтардағы Алматыдағы жер сілкінісінен кейін миллиардтаған қаржы тасқыны бағыттала бастаған Сейсмология институтын Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне беру идеясы «билік дәлізін» кезіп жүрген көрінеді.

Тарихты сәл-пәл шола кетсек, ҚазКСР Ғылым академиясының Сейсмология институты 1976 жылы құрылды. Бұған дейін Геологиялық ғылымдар институтында сейсмология секторы ғана болды. Республика басшылығының осы салаға үлкен мән беруіне Алматының жанында 1967 жылғы 30 қарашада эпицентрінің географиялық орналасуына қарай аталған «Шілік», 1970 жылғы 5 маусымда «Сарықамыс», 1971 жылғы 10 мамырда «Жамбыл» қатты сілкіністерінің тіркелуі түрткі болыпты.

Артынша, 1981 жылы бұған қосымша Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция құрылды. Ол зілзаланы болжауға, бақылауға жауапты. Институт – іргелі және қолданбалы зерттеулермен айналысты.

Содан бері қазақстандық ғылымның сейсмология секторы қолдан қолға өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдығында Сейсмология институты, Тәжірибелік-әдістемелік экспедиция Білім және ғылым министрлігінің, артынан Satbayev University-інің құрамына берілді. Кемеліне келтіргені шамалы, керісінше, кері кетіп, деградацияға ұшыраған кезі сонда.

Бертінде, 2021 жылы «құр тулақ» күйге жеткен бұл құрылымдарды Үкімет Төтенше жағдайлар министрлігіне табыстады, бюджеттен қаржыландыру барынша қысқартылды.

2023 жылғы 27 желтоқсанда «Сейсмология институты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС-ін біріктіріп, ТЖМ жанынан Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы құрылды.

Орталықтың мәліметінше, қазіргі уақытта бақылау желісін дамыту басталды. Станциялар саны өсті, сонымен бірге бақыланатын параметрлер саны кеңейді. Сейсмикалық, геомагниттік, гравиметриялық, геодезиялық, электротеллюрлік және басқа да бақылау түрлері қолға алынды. Яғни, іс ілгерілегенге ұқсайды.

Сейсмология институтының, қазіргі орталықтың директоры Дәулет Сәрсенбаевтың мәліметінше, Қазақстан аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүгінде 64 сейсмостанция жұмыс істеп тұр. 2022 жылы бақылау желілерін дамыту үшін халықаралық жобалар аясында 16 жаңа сейсмикалық станция орнатылды.

Өткен жылдан бері Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және институт есебінен ерте хабарлау жүйесінің 37 станциясын орнату жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта Қытайдың Жер сілкінісі жөніндегі агенттігімен және Геофизика институтымен бірлесіп, ҚХР қаражатына 5 кешенді сейсмостанция орнату мәселесі пысықталуда. Бұл сейсмологиялық бақылау желілерін дамытуға мүмкіндік береді

Өткен аптада, 21 наурызда Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев онымен жеке отырып, елге, Алматыға төнген зілзалалар қаупін және олардың алдын алу мәселелерін талқыға салды.

Дәулет Сәрсенбаев Мемлекет басшысына былтыр еліміздің ең ірі мегаполисінің аумағында орналасқан 16 сейсмикалық станцияның 11-іне 527 миллион теңгеге құрал-жабдық сатып алынған баяндады.

2021-2023 жылдарға арналған нысаналы қаржыландыру бағдарламасының нәтижесінде 25 бақылау пункті ашылды. Халықаралық ынтымақтастық аясында 10 жаңа станция ішінара жаңғыртылып, 6 жаңа станция пайдалануға берілді.

Басқаша айтқанда, Ғылым және білім министрлігінің қоластында болған үш онжылдықта күйреп қала жаздаған сейсмология саласы ТЖМ аясында еңсе тіктей бастағандай. Ендеше бұл саланы қайтадан Ғылым министрлігінің ауласына қуып тығып, сондағы қаптаған институттарының бірі ету абырой, нәтиже әперер ме екен?

Кездесуде Мемлекет басшысы бұл салаға баса мән беріп отырғанын айтты: өйткені сейсмикалық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі факторы. Ол халықты қорғау деңгейіне, экономикалық нысандар мен қоршаған ортаның жай-күйіне қатты әсер етеді. Сондықтан Президент халықты зілзала туралы ерте құлақтандыратын озық жүйе енгізуге және сейсмологтардың біліктілігін арттыруға бағытталған тапсырмалар берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми орталыққа жер сілкіністерін болжаудың ғылыми әдістерін қолдану және енгізу жөнінде маңызды міндеттер жүктеді. Оның пікірінше, орталық өз жұмысына инновациялық технологияларды енгізуі және ғылыми зерттеулерді дамытуы қажет.

Алайда егер депутаттар, министрлер сейсмология құрылымдарын көкпар тулағындай тартқылап, жұлмаласа, бұл міндеттер орындалмай қалып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі мүмкін. «Өткелде ат ауыстырмайды» деген өсиет те бар. Әзірге ТЖМ мен Ғылым министрлігінің тайталасы немен тынары белгісіз.


ПІКІР ЖАЗУ