Қазақстанда қуаттылығы 1 ГВт болатын ЖЭС салынып жатыр — Нұрлан Жақыпов

0
24

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Мемлекет басшысының SPIC компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнмен және Sany Group Co. Ltd Директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбомен өткізген кездесулерінің нәтижесі жөнінде пікір білдірді.

«Президенттің іссапарының барысында Боао Азия форумының шеңберінде энергетика саласы бойынша State Power Investment Corporation (SPIC) және Sany Group Co. Ltd компанияларымен бірнеше кездесу өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы салынып жатыр. 500 мегават Жамбыл облысында, қалған 500 мегават Екібастұз қаласында екенін айта кеткен жөн. Sany Group Co. Ltd бұл жобаға тиісті құрал-жабдықтарды жібереді. Ал, China Power International Holding бұл жобаны жүзеге асырады», — деді Нұрлан Жақыпов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтіп жатыр. Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.

Сапар барысында Президент Sany Group Co. Ltd Директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбо мен State Power Investment Corporation компаниясы Директорлар кеңесі төрағасы Лю Миншэнді қабылдағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Боао Азия форумында AIF және BFA арасында меморандумға қол қойылды.


ПІКІР ЖАЗУ