Қазақстан NCOC-ден $150 млрд өтемақы талап етіп отыр ма – Энергетика министрлігінің жауабы

0
23

Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов «Қазақстан Қашаған кенін игеріп жатқан мұнай компанияларына қарсы өтемақы сомасын 150 млрд долларға дейін көтерді» делінген ақпаратқа пікір білдірді.

Қашаған кен орнын игеріп жатқан халықаралық мұнай алпауыттарына қарсы төрелік талап қою сомасын 150 млрд долларға (67,3 трлн теңге) дейін арттырғанын, шығындар бойынша дауға қосымша алынбай қалған пайда үшін өтемақы талап еткендігін жазған болатын.

Өткен жылдың көктемінде Қазақстан Үкіметі елдің батысында мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V. және Karachaganak Petroleum Operating BV операторларын халықаралық сотқа берді. Мемлекет компанияларды тендер тәртібін бұзды, Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындаған жоқ деп айыптады. Bloomberg агенттігі 5 сәуірде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын атап көрсетті.

Аталған дауға қатысты Энергетика министрлігі пікір білдірді.

«NCOC консорциумымен төрелік талап қою туралы жарияланған ақпаратқа қатысты Қазақстан Энергетика министрлігі мынаны хабарлайды: Солтүстік Каспий жобасы бойынша Өнімді бөлу туралы келісім ережелерінің шарттарына сәйкес төрелік даулардың, талап-арыздардың егжей-тегжейі жария етілмейді. Бұл — тараптар төрелік рәсімдер аясында шешуге ниетті ерекше коммерциялық дау», — деді Шыңғыс Ілиясов.

2023 жылдың сәуірінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының операторларына қарсы сотқа шағым берілгенін, ол Қазақстан халқының мүддесін қорғау мақсатында түсірілгенін атап өткен еді.

«Сомалар 3,5 млрд долларды және 13 млрд долларды құрайды», — деп түсіндірген болатын Алмасадам Сәтқалиев.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың наурызында Каспий теңізіндегі «Қашағаннан» мұнай өндіретін NCOC компаниясына салынған 12 млрд 419 млн теңге айыппұл өндірілген болатын.

Экологиялық реттеу және бақылау комиетінің мәліметінше, 2022 жылы экологиялық инспекция «North Caspian Operating Company» (NCOC) компаниясының теңіз кешеніне тексеру жүргізілген. Оның нәтижесімен экологиялық талаптардың нормаларын бұзу, оның ішінде экологиялық рұқсатсыз күкіртті газды жағу, өндірістік суларды Каспий теңізіне тазартусыз ағызу фактілері анықталып, 5 әкімшілік іс қозғалған.


ПІКІР ЖАЗУ