Су тасқыны: Forbes тізіміндегі дәулеттілер мен ірі компаниялар 100 млрд теңге бөлді

0
30

Қазақстандық миллиардерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне құлап асып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек, қолдау ретінде ірі көлемде қаржы бөлді.

Еске сала кетейік, Президент Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітілетіні туралы айтқан еді. Мақсат – су тасқыны зардабына ұшыраған жандарға нақты қол ұшын созу.

Осы орайда Kazinform агенттігі тасқын су салдарын жоюға Forbes тізіміндегі бай-манаптардан кімдер тартылуы мүмкін екендігіне шолу жасады.

Енді сөзден іске көшкен бай-қуаттыларға келсек, Тимур Құлыбаев Атырау облысына көмек ретінде 30 млрд теңге бөледі. Қаражат тұрғын үй салуға және жөндеу жұмыстарына, инфрақұрылымдық объектілерді қалпына келтіруге, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен халықты қолдауға жұмсалады.

«Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға жанашырлық танытамын. Алғашқы күннен бастап біз су басқан өңірлерге көмек көрсетіп келеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен барлық қиындықты бірге жеңетінімізге сенімдімін», — деді Тимур Құлыбаев.

Сондай-ақ, Қазақмыс, KAZ Minerals, АлтынАлмас, Қаражыра және RBK Bank компаниялар тобы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсету үшін қосымша 40 миллиард теңге бөледі. Бөлінген қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге және әлеуметтік объектілерді, яғни балабақшалар, мектептер, ауруханалар, сондай-ақ тұрғын үйлер салуға бағытталады.

Ал, Kaspi.kz-тің тең құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына 20 млрд теңге аударады. Ақша өңірлерді қалпына келтіруге, сондай-ақ жаңа тұрғын үй салуға жұмсалады.

«Зардап шеккен аймақтарда біздің клиенттер, серіктестер мен қызметкерлер тұрады. Біз су тасқынының алғашқы күнінен бастап олармен үнемі байланыстамыз және жағдаймен таныспыз. Kaspi.kz мобильді қосымшасында қайырымдылық қор жинауды ұйымдастырып, «Biz birgemiz Qazaqstan» қорына құтқару техникасын, амуницияны, жанар-жағар май және басқа да алғашқы көмекті сатып алуға қаражат бөлінді. Өкінішке қарай, жағдай бірқатар аймақта жағдай әлі де қиын. Біз Президенттің бастамасын қолдауды және осы қиын сәтте елге пайдалы болуды азаматтық міндетіміз деп санаймыз», — деді Михаил Ломтадзе.

Болат Өтемұратов Ақтөбе облысының тұрғындарына қолдау көрсетіп, 10 млрд теңге бөлді. Қаржы жаңа тұрғын үйлер салуға жұмсалады.

«Су басқан өңірлердегі төтенше жағдайды қайғыра қадағалап отырамын. Апаттың ауқымы өсіп барады, адамдарға шұғыл көмек қажет. Біз барлық күш-жігермен және қолда бар ресурстармен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Президент қиыншылыққа тап болған мыңдаған отандасымыз үшін қауіпсіздік пен ертеңгі күнге деген сенімділіктің кепілі бола отырып, алдыңғы қатарда тұр және Мемлекет басшысының шешімдері әрқашан біздің тарапымыздан қолдауға ие болады», — деді Болат Өтемұратов.


ПІКІР ЖАЗУ