Қуандық Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін?

0
18

Сарапшылар осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

Елордада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Тәжірибелі заңгерлер экс-шенеунік қанша жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген сұраққа жауап берді

Заң консультанттары палаталарының қауымдастығы кеңесінің төрағасы Фарид Әлиев Қуандық Бишімбаев ісі бойынша өтіп жатқан сотты Қазақстанда және одан тыс жерлерде қоғамдық резонанс пен процеске үлкен көңіл бөлінуіне байланысты дәуірлік оқиға деді.

«Қуандық Бишімбаевтың ісі сот төрелігіміздің жалпы жай-күйінің, процеске қатысушылардың кәсіби тұрғыдан дайындық деңгейінің және олардың этикалық стандарттарды сақтауының көрсеткіші іспеттес. Жариялылықтың барынша салтанат құруы, тікелей эфирлер, әлеуметтік желілердегі теке-тірестер бұл істі тек заңды негізден және қылмыстық процестің орбитасынан әлдеқашан алып тастап, әлеуметтік пікірталас алаңына кіргізіп жіберді, сондай-ақ сот жүйесі, адвокаттар қауымдастығы мен жалпы қоғамымыздағы өзекті мәселелерді көрсетті», — деді ол.

Әлиев сотталушыға қатысты ықтимал жаза туралы тоқтала келе, Бишімбаев Қылмыстық кодекстің «Азаптау» және «Кісі өлтіру» атты екі бірдей бабымен айыпталып отырғанын еске салды.

«Гипотетикалық тұрғыдан екі қылмыстық құқық бұзушылықтың жиынтығы бойынша ауырлататын мән-жайларды ескерер болсақ, судья мен алқабилер бірауыздан дауыс берген жағдайда ғана өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза тағайындалуы мүмкін. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша («Кісі өлтіру») 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделеді. Қылмыстық Кодекстің 110-бабының 2-бөлігі («Азаптау») 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», — деді заңгер.

Бұдан басқа Әлиев жазаны тағайындау кезінде экс-министр Бишімбаевтың бұрын сотталғаны ескеріле ме деген сауалға да жауап берді. Айта кету керек, 2017 жылы бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев  жемқорлық дауына байланысты ұсталған болатын. 2018 жылдың наурыз айының ортасында шенеунік пара алып, сеніп тапсырылған мүлікті иемденгені немесе ысырап еткені үшін айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылғы 13 ақпанда бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған рақымшылық жасалып, экс-министрге тағайындалған жаза төрт жылға дейін бас бостандығынан шектеуге қысқартылды.

«Бұл қылмысы үшін ол жазасын өтеді. Бұдан бөлек бұл қылмыстың сипаты басқа болатын. Сәйкесінше сыбайлас жемқорлыққа қатысты еді. Бишімбаев бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жауапкершілік арқалап, пробация кезеңінен өтті, рақымшылық жасалды», — деді заңгер.

Бишімбаевтың бірнеше баласы бар екені белгілі. Фарид Әлиев осы жайт үкімге қалай әсер етуі мүмкін екеніне тоқталды.

«Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды ескеруі мүмкін. Бүгінде оған «Кісі өлтіру» бабы бойынша 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Яғни, ең төменгі шегі – 15 жыл. Екінші бап – «Азаптау». Бишімбаев үшін ең жақсы жағдайда егер де оның кінәсі дәлелденсе, оған 15 жыл берілуі мүмкін. Алқабилер сотының істерді қарауы елімізде өте шектеулі тәжірибе екенін ескерген жөн, бұл өте сирек қолданылады. Сол себептен оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін болжау тым қиын. Жазаның ең төменгі шегі – 15 жыл, оның «Азаптау» бойынша екінші бабы бар. Егер де ол бап бойынша да кінәлі деп танылса, онда жаза мерзімі ұзартылады. Балалардың болуы бұл жағдайда аса маңызды рөл атқармайды», — деп қорытындылады спикер.

Бұдан бөлек Әлиев алқабилердің қаншауы бұрынғы министрге өмір бойғы бас бостандығынан айыру туралы үкімге қарсы дауыс бере алатынына қатысты пікір білдірді.

«Әлемдік тәжірибеге сәйкес, алқабилер соты жеке судьяға қарағанда ақтау үкімін шығаруға бейім келеді. Біріншіден, бізде алқабилер институты өзінің алғашқы қадамын енді жасап келеді, оның жеткілікті деңгейде дамымағанын айта кету керек, бізде бай, ауқымды тәжірибе жоқ. Екіншіден, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын беру үшін судья мен алқабилердің бірауыздан шешімі қажет. Егер де кем дегенде бір-екеуі күмәнданатын болса, кейбір алқабилер бұл бап бойынша оны кінәлі емес деп есептеуі мүмкін. Барлығы дауыс санына байланысты, егер 8 адам ғана дауыс берсе, онда оған өмір бойғы жаза болмайды. Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза судья мен алқабилердің бірауыздан шешімі кезінде ғана тағайындалуы мүмкін», — деді заңгер.


ПІКІР ЖАЗУ