Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды деп санайды

0
22

– Соңғы жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақтылы орындауға уағдаластық. Қазақстан барлық міндеттемені толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілгенін атап өтіп, осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсетініне сенім білдірді.

– Бауырлас екі елді жақындастыратын құндылықтардың тамыры тереңде жатыр. Халықтарымыздың тарихи, мәдени және рухани бастауы да – ортақ. Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Османқұлдың шынайы достығы қазақ пен қырғыз қатынасын нығайта түсті. Қырғыз даласында туып, екі елге бірдей еңбегі сіңген азаматтар аз емес. Қазақ қаламгерлері «Адамзаттың Айтматовы» деп атап кеткен заңғар жазушының шығармасын оқымаған адам кемде-кем. Толомуш Өкеев, Болот Шамшиев, Сүйменқұл Чокморов сынды қырғыз киносының көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезовтің туындыларын экранға шығаруға елеулі үлес қосты. Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалауға зор еңбек сіңірген Абдыкерим Сыдықов, Қасым Тыныстанов сынды тұлғалар Алаш идеясына адал болды. Әлемдегі ең көлемді эпос ретінде танылған «Манас» жыры – күллі түркі жұртының құнды қазынасы. Манас – бауырлас қырғыз халқының берекелі бірлігінің символы. Өздеріңізге мәлім, осыдан үш жыл бұрын Бішкекте Абайдың, ал Астанада Манас пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштерін орнату туралы мәмілеге келдік. Осыған орай бүгін Елорда төрінде әйгілі Манасқа арналған ескерткіш ашылады. Ортақ тарихымызға құрмет көрсетіп, Қырғызстанның мәдени мұрасын паш еткені үшін Садыр Нургожоевичке және барша қырғыз халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

 


ПІКІР ЖАЗУ