Үкімет «Демография министрлігін құруға» қатысты ақырғы шешімін жариялады

0
22

Қазақстанда демографиялық өсім баяулай бастады. Еліміз онсыз да халық санының өсу қарқыны жөнінен Орталық Азияда елдерінің ең соңында келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, республика халқының саны 20 075 271 адамды ғана құраған. Биылғы қаңтарда 20 033 546 адам болған еді.

Ресми мәліметке сәйкес, ел тұрғындарының саны 20 миллионға бірнеше ай бұрын, 2023 жылғы 14 қарашада жеткен болатын.

Бұл ретте статистика мамандары қазақстандықтар қатарын жатжұрттықтар көбейтіп жатқанына назар аудартты. 2022 жылмен салыстырғанда, 2023 жылы Қазақстанда тұрақты тұруға келгендердің саны бірден 45,7% өсті. Елімізге былтыр 25 387 адам түпкілікті көшіп келген. Оның көпшілігі – ресейліктер. Қоныс аударушыларының легі артқан ТОР-3 ел арасында Ресей федерациясы көш бастады – 11 711 экс-ресейлік көшіп келді. Өзбекстаннан – 6 519 адам, Түркменстаннан – 1 166 адам отбасы мен болашағы үшін Қазақстанды таңдады.

Ұлттық статбюроның дерегінше, биылғы 3 айда қазақстандықтардың өзінің табиғи өсімі 40 045 адамды ғана құрады.

Демограф Ғалымжан Оразбеков былтыр елді жайлаған өрттер, биыл он бір облысты басқан топан су демографияға ары қарай кедергі келтіреді деп болжады: тасқын екі жүз мыңға жуық қазақстандыққа қатысты болды. Баспанасыз қалған, уақытша пананы, жақын-жұрағатын жағалауға мәжбүр, болашағына уайым жеген жүздеген мың қазақстандық бала туу мәселесін кейінге қалдыруы мүмкін.

Осы орайда бір топ мәжілісмен биыл Үкіметке Демография министрілігін құру туралы бастамамен шыққан болатын.

«Қазіргі уақытта біздің елде демографиялық саясат туралы қабылданған заң да, тұжырымдама да жоқ. Ал демографиялық проблема бар! 32 жыл ішінде біздің халықтың өсімі небәрі 4 миллионға, көршілес Өзбекстанда осы кезеңде халық саны 15 миллионға өсті. Халқымыздың саны аз, тығыздығы төмен, әлем бойынша 184 орындамыз – жеріміздің 100 гектарына 7 адамнан келеді. «Бос жатқан жер жау шақырады» демекші біз демографиялық мәселелерді қалай шешеміз?», — дейді депутат Гауһар Танашева.

Мәжіліс депутаттары Үкіметтің демографияға немқұрайлы, тіпті шошына қарайтынын сынға алды.

Атқарушы билік бұл мәселені шетке ысырған деуге болады. Мәжілісмендердің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде отбасы саясаты мәселелерімен айналысатын жалғыз мемлекеттік орган бар, ол – Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитеті. Отбасылық саясат басқармасында тек 4 адам жұмыс істейді, ал өңірлерде комитет өкілдері мүлдем жоқ. Ең құрыса, осы ведомствоны нығайту керек еді.

Немесе, министрлік болмаса, Өзбекстандағы сияқты, демографиялық өсім мәселелерімен кешенді айналысатын, Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет құру қажет.

Ұқсас бастаманы Сенат депутаттары да көтерді. Биылғы 20 ақпанда сенаторлар «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында Үкіметтік сағат өткізіп, оның қорытындысында Үкіметке «Демография мәселелері бойынша жеке мемлекеттік орган құру мүмкіндігін қарастыру» ұсынысын енгізді.

Енді Үкіметтің бұл бастамалардың бәрінен бас тартып, сенаторлардың да, мәжілісмендердің де меселін қайтарғаны мәлім болды. Сондағы дәйектемесі – Демография министрлігін немесе комитетін құрса, ол біріншіден, «негізі жоқ институт» болады, екіншіден, ол нақты тұтынушысы мен түпкілікті нәтижелері жоқ салалық құжаттарды әзірлеумен айналысатын болады.Өйткені қанша бала табатынын әрбір ана мен әке өздері шешеді. Оларға жоғарыдан бұйрық түсіру орынсыз.

«Түрлі мемлекеттік органдар өздерінің салалық бағыты бойынша әкімшілік, экономикалық және басқа да іс-шараларды пайдалана отырып, демографиялық саясаттың тұтас жүйесін қалыптастырады. Бұл тәсіл осы саладағы нақты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Экономика саласына байланыстырмай, осы жүйеден жеке ведомствоны бөлу – өз қызметі үшін негізі жоқ институт құруға және тиісінше, нақты алушыны және түпкілікті нәтижелерді белгілемейтін салалық құжаттарды әзірлеуге әкеледі», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов өз жауабында.

Оның пікірінше, демографияны дамыту мәселелері барлық салалық жобалар мен тұжырымдамаларда көрініс тапқан.

Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі – туу динамикасы, табиғи өсім және басқа да көрсеткіштер негізінде медициналық инфрақұрылымды қалыптастырады және салалық жобаларды, атап айтқанда, «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруда.

Оқу-ағарту министрлігі – бала туудың демографиялық көрсеткіштері мен балалар санын ескере отырып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде сапалы білім беру үшін жағдай жасайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – халықтың саны, құрылымы, көші-қон процестері негізінде кадрларға сұраныстың орта және ұзақ мерзімді болжамын айқындайды және Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыруды қамтамасыз етеді.

Ұлттық экономика министрлігі – өңірлік даму мәселелерін, атап айтқанда, ауылдық және қалалық аумақтарды барлық аспектілер бойынша үйлестіреді. Ұлттық статистика бюросының құзыретіне демография саласында статистиканы жүргізу кіреді.

«Осылайша, демографиялық даму саласындағы мемлекеттік саясат –функционалдық бағыттарына сәйкес орталық меморгандардың жұмысына енгізілген. Меморгандар өздерінің салалық бағыты бойынша әкімшілік, экономикалық және басқа да іс-шараларды қабылдай отырып, демографиялық саясаттың тұтас жүйесін қалыптастырады. Бұл тәсіл осы саладағы нақты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – деген сенімде О.Бектенов.

«Көп қорқытады, терең батырады» деген халық даналығы бекер емес. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде соғыстар, қарулы шабуылдар негізінен 70 миллионнан аз халқы бар елдерге қатысты жасалады. Мысалы, Украина (бүгінде 25 миллиондай), Израиль (9,8 млн), Палестина (5 млн), Сирия (шамамен 18 млн), Сомали (шамамен 17 млн), Йемен (25 миллионнан астам), Ирак (45 млн) және басқасы.

Сарапшылар осыны да Үкіметтің қаперіне салып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазіргі баяу қарқынмен Қазақстан халқының саны 2050 жылы, ғасыр ортасында 27,5 млн адамға әзер жетеді.

Премьер өз жауабында Үкіметтің әлемде, айналада қалыптасқан геосаяси және экономикалық күрделі жағдайды ескеретінін айтты. Бірақ бұл да демографияға жеке министрлік-комитет арнауға негіз бола алмайтын көрінеді.

«Бұл ретте қолда бар демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктерді жоя отырып, экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмыс жалғасады. Осы сын-қатерлерді ескеріп, уәкілетті мемлекеттік органдар стратегиялық құжаттарда қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында демографиялық және көші-қон аспектілеріне ерекше назар аударатын болады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеуде, сонда елдің демографиялық саясаты мәселелері қамтылады. Белгіленген мәселелер бойынша жұмыс жалғасуда және Үкіметтің бақылауында», – деді жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Алайда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Назарбаев кезінде қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясының орнын басатын «Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында» демографияны «сын-қатер», қысым ретінде қарастырған.

Мысалы, елде адам көп болса, «жұмыссыздық артады, қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымына, мектептерге, ауруханаларға, емханаларға, су, кәріз, электрмен жабдықтау жүйелеріне, көшелерге басыартық салмақ түседі» деп қауіптенеді.

«2018–2023 жылдары Қазақстан халқының саны 1,3 миллионға өсіп, тарихи көрсеткіш – 20 миллионға жетті. Демографиялық өсу елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуметтік көрсеткіштерін арттыру әлеуетін қалыптастырады. Алайда бұл әлеуетті іске асыру – күшейіп келе жатқан «демографиялық қысымды» еңсере алуымызға, өңірлердің дамуындағы сын-қатерлерге, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау қажеттіліктерін қамтамасыз етуге байланысты болады», – делінген «Жаңа Қазақстанның» жаңа стратегиясының жобасында.

Бұл жерде реформаларға жауапты агенттік халықтың «демографиялық қысымын еңсеру» деген нені білдіретінін нақтыламады. Мұндай олқылық «Жер ғаламшарындағы тұрғындар санын жасанды реттеп, азайту», «адамзатты жаппай чипизациялау» сияқты «құпия ымыраласу теорияларының» артуына азық.

2029 жылға дейінгі жаңа Стратегияның жобасында агенттік Қазақстан халқының қарқынды урбанизациялануына да үрке қарайды. Небары 5 жыл ішінде қала тұрғындарының саны 10%-ға өсіп кетіпті.


ПІКІР ЖАЗУ