Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан Қазақстанды шетқақпай қылды

0
20

Бүгінде ЮНЕСКО ұйымы құратын «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне» 145 елдің 730 мұрасы енген.

ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеті «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенцияға» қосылған мемлекеттер ұсынған мұра-кандидатураларды бағалау үшін жыл сайын жиындар өткізеді. Онда қандай да бір елдің мәдени мирасы жаһандық тізімге енгізуге лайық па, жоқ па деп, шешім қабылдайды.

ЮНЕСКО-ның аталған үкіметаралық комитеті соңғы рет өткен жылдың соңында, 2023 жылғы 5–9 желтоқсанда, Ботсвананың Касане қаласында жиналыпты. Сол сессияда комитет жомарттық танытып, аталған Конвенцияның 20 жылдық мерейтойына орай рекордтық көлемде – 72 ел ұсынған 55 жаңа элементті Материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне бірден енгізе салды. Онда қазақтың мұрасы болмағандықтан, Қазақстан тарапы бұл ірі жаңалыққа сол кезде мән бермеді.

Алайда сарапшылар мен депутаттар енді ғана егжей-тегжейіне назар аударып, төбе шаштары тік тұрды: түркі, соның ішінде Орталық Азия елдеріне ортақ мұраларды ЮНЕСКО тізіміне тіркегенде, бастамашы бауырлас мемлекеттер Қазақстанды қалыс қалдырыпты.

Мұны халықаралық жанжал деуге болады, өйткені ол мұраларды көршілер БҰҰ деңгейінде «меншіктеп» алды, бұдан былай қазақтар оны өз ата-бабасының мирасы ретінде халықаралық деңгейде ұсынса, бұл өзге елдің мұрасын ұрлап алғанмен бірдей болуы мүмкін. Қапы қалған қазақ елі мәдени мұрасыз қалды. Депутаттар бұған көрші елдермен лайықты ықпалдастықты жолға қоймаған ел Үкіметін айыптап отыр.

«Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативті тізіміне бұл жолы ондаған жаңа элементтер қосылды. Олардың арасында: Тәжікстанның атлас пен адрас маталарын дайындау дағдысы, Түрікменстанның ақалтеке аттарын өсіру және оларды әшекейлеу өнері, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ирандағы байырғы қолжазбаларда, каллиграфиялық мәтіндер мен миниатюраларда қолданылатын «Иллюминация» декоративті өнері, Өзбекстанның қыш бұйымдарын жасау өнері, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан мен Ирандағы Рамазан айында мұсылмандардың кешкі ауыз ашуы, ифтар, Әзербайжан мен Түркияның «балабан» музыкалық аспабын жасау дәстүрі, Қырғызстанның «элечек» әйелдердің бас киімін орай жоралғысы және басқалары кірді», – деп хабарлады ЮНЕСКО.

Бұлардың көбі қазақта бар, мысалы, элечек бізде «кимешек» аталады. Қазақ та ауыз бекітіп, ауыз ашады. Балабан бізде қоссырнай және басқа атауларымен белгілі. Алайда олардың бәрінен Қазақстан шет қалды.

Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра тізімінде Қазақстанның 13 мұрасы ғана бар.

Бұларға: Наурыз (2009, өзге елдермен бірге); Киіз үй (2014); Домбырамен күй орындау өнері (2014); Айтыс (2015); Күрес, куреш (2016, өзге елдермен бірге); Саятшылық, сұңқармен аң аулау (2016, әлемдегі өзге елдермен бірге); Қатырма жұқа нан, жупка, юфка, лаваш жасау өнері (өзгелермен бірге, 2016); Қазақтың дәстүрлі ойыны: асық (2017); Атбегілердің көктемгі жоралғылары (2017); Қорқыт Ата мұрасы (2018); Дәстүрлі зияткерлік және стратегиялық ойын: тоғызқұмалақ (өзге елдермен бірге, 2020); Ортеке – Қазақстанның дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка (2022 жыл); Қожанасырдың әзіл әңгімелері (өзге елдермен бірге, 2022 жыл) жатады.

Адамзаттың мәдени мұрасы бойынша рейтингте Әзербайжан әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады: ол 23 мұрасын енгізе алды. Түркияда – 15, Өзбекстанда – 11, Қырғызстанда – 6, Тәжікстанда – 4 мұра жаһандық тізімге ілікті. Яғни, бұл қатарда Қазақстан – көштің басында. Дегенмен, бұрынғы жылдары әлемдік тізімді жыл құрғатпай дерлік толтырып келген Қазақстанның тірлігінде кейінгі кезде тоқырау байқалады.

Үкіметтің арқаны кеңге салып, марқаятын жөні жоқ. Арнайы комиссия адамзаттың мұрасы тізіміне қосу үшін «Материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізіміне» 2023 жылы кем дегенде 88 элементті іріктеп алды. Олардың арасында қазақтың және тек қазақ жерінде сақталған өзге этностардың әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық дағдылар, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеу, құсбегілік, аңшылық, ән, жыр, дастан, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар және басқалары бар.

Оларды кіргізу үшін тағы ондаған жыл күттіріп қойса, оның біразын келер ұрпақ ұмытып, мұра жоғалуы мүмкін. Ал егер ЮНЕСКО-ның тізіміне кірсе, бұл халықаралық ұйым өз тізіміне кірген мұралардың қалай сақталып, дамытылып жатқаны туралы Үкіметтен үнемі есеп сұратады. Бұл мемлекетті болашақта да сол мұраларды ілгерілетуге итермелейді.

Қазақстан Үкіметінің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 қаулысымен «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама» қабылданды. Алайда, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, бұл тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ.

Париж Конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдады. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірлерде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Қырғыздар салалық заңмен шектелмей, «Манас» туралы жеке заң да шығарды.

«Ал бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ! Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылап экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар. Материалдық емес мәдени мұраны сақтаушы негізгі нысан – адам. Егер рухани мұраны ұстап отырған адам, мұрагер өмірден өтсе, мұра да бірге өледі. Бүгінгі таңда ел аумағында ондай кісілер, көпті көрген ақсақалдар күн санап азаюда. Олармен бірге құндылықтар да жойылуда. Төл құндылықтардың атадан балаға жалғастығы үзіліп, дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп барады», – деді депутат.


ПІКІР ЖАЗУ