12 адамның өмірін жалмаған өрт: оқиғаға қатысты тың дерек шықты
Түркістан облысы Алғабас ауылында 12 адамның өмірін жалмаған қайғылы өрттің электр ұзартқышының істен шығуынан болғаны анықталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қажетті сараптамалардың жүргізілгенін айту арқылы оқиғаның нақты себебін жария етті.
“Қажетті сараптамалар тағайындалды, соның ішінде электротехникалық және өрт-техникалық сараптамалар. Оқиға орнында төтенше жағдай министрлігінің сынақ өрт зертханасы жұмыс істеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығу себебі — істен шыққан электр ұзартқышы болған. Дегенмен барлық сараптамалардың қорытындысын күтіп, олардың нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға беріледі”, — деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы датчиктерді орнату аса маңызды. Кейбір датчиктер тек түтінге әсер етсе, басқалары көміртек тотығының бөлінуін де анықтап, қауіп туралы алдын ала сигнал береді.
Биыл осындай құрылғылардың 13-і іске қосылып, 36 адамның өмірін сақтап қалған. Ерлан Төрегелдиев әсіресе пешпен және газ жабдықтарымен жылытылатын үйлерде тұратын азаматтарға қауіпсіздік датчиктерін міндетті түрде орнатуға кеңес берді.
“Ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үйлердің иелері үйлерін автономды оптика-электрондық түтін өрт дабыл құрылғыларымен жабдықтауға міндетті. Бұл датчик маркетплейстерде 2,5 мың теңге тұрады. Негізінен, бұл адам өмірінің құны. Ең қарапайым құрылғы кез келген өрттің алдын алады. Көміртек тотығы газына арналған датчик үш батареямен жұмыс істейді. Көміртек тотығы газының қауіпті шоғырлануы пайда болғанда, ол дабыл қағады. Дабылдың дыбысы қатты, тіпті терең ұйқыда жатқан адамды оятады”, – деп атап өтті.
Соңғы жаңалықтар