«13 млн теңге айыппұл»: Елімізде қандай бақбақты жұлуға болмайды? 

12.05.2026 15:29 Әсел Мұрат
«13 млн теңге айыппұл»: Елімізде қандай бақбақты жұлуға болмайды? 
297
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда бақбақ гүлін жұлғандарға 13 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы үкіметтегі брифингте экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол бақбақтың қандай түрін жұлғандарға айыппұл салынатынын түсіндірді.

Айтуынша, заң бойынша көксағыз бақбағын жұлғандарға қатаң жаза қарастырылған. Өсімдіктің бұл түрі сирек кездеседі және қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан тыйым барлық бақбақ түрлеріне емес, тек осы өсімдікке ғана қатысты қолданылады.

«Бұл –жойылып кету қаупі бар сирек өсімдік болғандықтан, осындай жоғары айыппұл енгізілген. 2019 жылы депутаттардың бастамасымен айыппұл мөлшері 10 есеге артты. Жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді қорғау үшін осындай шара қабылданған», – деді Шәрбиев.

Көксағыз бақбағын жұлғандарға 3000 АЕК көлемінде яғни шамамен 13 миллион теңге (12 975 000 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Вице-министрдің айтуынша, көксағыз бақбағы негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде өседі.

Войдите, чтобы оставить комментарий