"4-5 қызбен сөйлескенімді жасырмаймын". Жігер Ауыпбаев Гуанчжоудан Стамбұлға дейін қалай жар іздегенін айтты
«Меломан» тобының экс-солисі Жігер Ауыпбаев ажырасқаннан кейінгі ішкі жалғыздықпен күресін баяндай келе, Гуанчжоуда қазақ аруымен танысқанын ашып айтты. Алайда үкілі үмітпен басталған бұл қарым-қатынастың соңы өкінішпен аяқталған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.
«Үйден кеткенде: «Енді менің жеке өміріме араласпаңыз» деп ашық айттым. Мен қолдан келгеннің бәрін жасадым. Ал ары қарай қайта үйленем бе, не істеймін — ол өзімнің жеке шешімім. Өйткені бойда күш-қуаты тасып тұрған ер азамат болған соң, ұзақ уақыт жалғыз жүру де оңай емес. Сөйтіп, қазіргі жарыма — Муминаға жолықтым. Оған дейін де біраз жерді араладық қой! Гуанчжоуға, Қытайға бардым. Гуанчжоуда бір қыз болды. Шынымды айтсам, мен ол кезде жалғыздықтан қатты шаршаған едім. Ер азаматтың жанында өзімен сырласатын, ой қосатын, қасында жүретін жары болғаны дұрыс қой. Сыртта жүргенде мейрамханаларда отырған жұптарға қарап қызығасың: ақылдасады, бірге жоспар құрады... Ал үйге келесің де, жалғыз жатасың. Жастықты құшақтап жатқандай күй кешесің. Сол Гуанчжоуда жүргенде бір үлкен брендтің ашылуына шақырту түсті. Менің әкімшімнен гонорарымның қанша екенін сұраған екен. Маған ол жерде ақша маңызды болған жоқ. Ішкі жан дүниемді түсінетін, өткен өмірімді қазбаламай, барыммен қабылдайтын адамды іздедім. Әрине, мен де отбасым болғанын, ажыраспауды қаладым. Бірақ өткенімде осындай тарих, төрт балам бар екенін ашық қабылдайтын жан керек болды. Төрт баласы бар, ажырасқан еркекке кім тез келе қояды? Бірақ ішімде "мені толықтай түсінетін бір жан болса екен" деген үміт болды. Сол қызбен танысып, екі-үш айдай өте жақсы араласып, арада жақсы сыйластық орнады. Оған қолдау болсын деп, гонорарды да азырақ сұрауды өтіндім. Бөтен елде, қаншама ұлттың ішінде тасты жарып шыққан гүлдей болып жүрген қазақ қызына неге қолдау көрсетпеске? Бірақ, өкінішке қарай, ол қызбен де арамызда ештеңе шықпады. Кейін естісем, ол қыз маған дейін де өтірік айтып, алдап кеткен жағдайлар болыпты. Оны маған ешкім айтпаған еді», — деп бөлісті Жігер Ауыпбаев.
Бұдан кейін өнер иесі Стамбұлдағы басынан өткерген махаббат оқиғасын баяндап берді. Болашақ жарын жолықтыру үмітімен Стамбұлға жол тартқан ол жүрек қалауын таба алмағанын айтты.
«Одан кейін Стамбұлда, басқа да қалаларда бірнеше қызбен сөйлестім. Сөздің ашығын айтқанда, төрт-бес қызбен байланыста болдым. Бірақ әрқайсысына бірден ашық айтатынмын: "Маған қыз-жігіт болып, босқа уақыт өткізудің керегі жоқ. Мен болашақ жарым болатын адамды іздеп жүрмін". Міндетті түрде жүзбе-жүз кездесуім керек еді. Мейлі Стамбұлда, мейлі Қытайда болсын — бәрібір. Сонымен Гуанчжоудан Алматыға келе сала, бірден Стамбұлға ұштым. Ол қызбен де барып жолығып, Ораза айында екі-үш күн бірге ауыз аштық. Оның да жанында отырып, жүрегіммен сезініп көргім келді. Алайда ол жерде де ештеңе шықпады», — деді әнші.
Өнер иесі сөзінің соңында Мекке топырағына барып, Жаратқаннан адал жар мен отбасылық бақыт сұрап тілек тілегенін жасырмады.
«Одан кейін Меккеге бардым. Ол жақта да іштей тілек тілеп, сұрадым... Меккеде жүріп Тараздың, Шымкенттің қыздарымен сөйлестім. Елге оралған бойда бірден машинамен Таразға барып жолықтым — болмады. Шымкентке барып жолықтым — тағы болмады. Айналып Алматыға келгенде, осы Муминамен жолықтым. Сөйтіп, айналып келіп, осы кісіге тоқтадық», — деді Жігер Ауыпбаев.
Соңғы жаңалықтар