Ерекше балаларды қорлап, зорлық көрсеткен: Абай облысында сұмдық жағдай әшкереленді (ВИДЕО)
Абай облысының прокуратурасы ерекше күтімді қажет ететін балаларға қатысты жүйелі түрде жасалған озбырлық пен зорлық-зомбылық фактілерін әшкереледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Өңірде балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ету мақсатында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында кешенді тексерулер жүргізіліп жатыр.
Прокурорлық тексеру кезінде Аягөз ауданының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында сұмдық фактілер анықталды. Мекеме санитарларының тәрбиеленушілердің қорғансыз әрі дәрменсіз күйін пайдаланып, оларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық қысым көрсеткен 100-ден астам дерегі тіркелді.
Бұдан бөлек, кейбір қызметкерлердің заңсыздықтарды өз көзімен көре тұра, оны тоқтатуға еш шара қолданбаған салғырттығы мен жауапсыз әрекетсіздігі әшкереленді.
Аталған жайттарға байланысты қадағалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады:
Іс Қылмыстық кодекстің 140-бабының 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау, қатыгездік таныту) бойынша тіркелді.
Балалардың қауіпсіздігін дереу қамтамасыз ету мақсатында күдікке ілінген кінәлі қызметкерлер қызметтік міндеттерінен шеттетіліп, олардың балалармен қандай да бір қарым-қатынас жасауына тыйым салынды.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған тексеру шаралары жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар