"60 жасымды түрмеде қарсы алдым": Ақтөбеде 7 жылға соттала жаздаған жылқышы сұхбат берді
Ақтөбе облыстық соты 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты үкімді қайта қарап, оны сот залынан босатты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін шаруа қожалығы иесінің арызынан кейін жылқышы 100 жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мойнына 30 млн теңгеге жуық шығын ілінген болатын. Алайда апелляциялық сотта ұсынылған қосымша дәлелдер нәтижесінде іс жүзінде бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды.
Апелляциялық сот отырысы эмоцияға толы өтті. Өмірінің 33 жылын жылқы бағуға арнаған, 14 жылқыны 1700-ге дейін жеткізген Рахат Сәрсенов үкім өзгергеннен кейін сот залынан бостандыққа шықты. Денсаулығы сыр берген азамат сот барысында сөйлей алмай, көз жасына ерік берді. Оның инсульттен кейін бір қолы мен бір аяғы толық жұмыс істемей қалған, сөйлеуі де қиындаған.
Осы оқиғаға байланысты журналист Руслан Өтепбай да әлеуметтік парақшасында жазба жариялап, Рахат Сәрсеновпен кездескенін айтты. Журналисті көрген қария көз жасын тыйа алмаған.
"Қарияның денсаулығы сыр беріп, 2025 жылы инсульт алған. Осы денсаулығымен екі ай екі күн изоляторда отырып шықты. "Ең ауыры – 60 жасымды түрмеде қарсы алдым" дейді ол. 33 жылын жылқы бағуға арнаған азаматқа тағылған айыптың қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін журналистік зерттеуімізді бастадық", – деді Руслан Өтепбай.
Соңғы жаңалықтар