70 медициналық нысан, 50 мекеме: Тоқаев құрылыс жоспарын жариялады
Қазақстанның өңірлерінде жаңа перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларға арналған оңалту орталықтары салынады. Бұған қоса, ел бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысы басталмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай міндет қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды жүзеге асыру кезінде мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.
Әсіресе, Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың елге нақты пайдасы тиюі қажет екенін ескертті.
– Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекет қаржысын жұмсағанда оның экономикалық және әлеуметтік нәтижесі ескерілуі керек. Өйткені бюджеттен бөлінетін ақшаның түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту.
– Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құрылыс жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлерді де тартуды ұсынды. Атап айтқанда, қажетті техникасы, материалдық мүмкіндігі және тәжірибесі бар шағын және орта бизнес өкілдеріне басымдық берілуі керек.
– Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, алдымен өңірлерде денсаулық сақтау саласына басымдық беріледі.
– Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді, – деді Тоқаев.
Бұдан бөлек, білім беру, мәдениет және спорт салаларында да жаңа ғимараттар салына бастайды.
– Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек, – деді Президент.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар