Тоқаев Астанада жаңа әуежай салынатынын айтып, энергетикадағы жағдайды сынға алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бірнеше жаңа әуежай іске қосылатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы энергетика саласындағы электр қуаты тапшылығы мен жаңа нысандар құрылысының кешігуін де сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Президенттің айтуынша, қазір елімізде бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай ауқымды жұмыс Қазақстан тарихында бұрын болмаған.
«Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астанада да жаңа әуежай салынатынын хабарлады.
«Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», деді Президент.
Тоқаев Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік орталығына айналуы үшін әлі де көп жұмыс атқарылуы керектігін айтты. Соның бірі көлік саласын, оның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыру.
«Жасанды интеллект дәуірінде әлемдік транзиттік жүк тасымалын қағаз жүкқұжаттар арқылы басқару ақылға сыймайды. Бұл ешқайда апармайтын ең қысқа жол», деді Мемлекет басшысы.
Президент энергетика саласындағы жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, электр энергиясымен қамтамасыз ету әр мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігін айқындайтын негізгі факторға айналды.
«Біз электр энергиясының дәуіріне аяқ бастық. Қазақстан үшін шикізат саласындағы артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық дамуға айналдыру аса маңызды. Ашық айтқанда, бұл салада мәселе жетіп артылады», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы елде кәсіби энергетиктердің аз екенін, бірақ осы салаға арналған форумдар мен талқылаулардың жиі өтетінін сынға алды.
«Бізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлық. Ал энергетика мәселесіне арналған форумдар мен талқылаулар жиі әрі ауқымды өткізіледі», деді Президент.
Тоқаев Қазақстанда жыл сайын электр энергиясы тапшылығы туындайтынын айтты. Соның салдарынан қыс мезгілінде көрші елдерден электр қуатын қымбатқа сатып алуға тура келеді.
«Қыста электр энергиясына сұраныс шарықтаған кезде көрші елдерден оны жоғары бағамен сатып аламыз. Ал жазда сол электр энергиясын әлдеқайда төмен бағамен кері қайтарамыз. Осындай қарапайым «бизнес» ондаған жыл бойы жалғасып келеді», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жауапты мамандар мұны энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе деп түсіндіріп жүр.
«Мені бұл энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе деп сендіреді. Сондықтан кезінде Балқашта басталып кеткен жылу электр орталығының құрылысын тоқтатып тастағанына таңғалуға болмайды», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы басқа қалаларда да электр энергиясын өндіретін жаңа нысандарды іске қосу жұмыстары кешігіп жатқанын мәлімдеді.
«Қазір Түркістанда, Қызылордада, Алматыда және Екібастұзда электр энергиясын өндіретін қуаттарды іске қосу мерзімі бұзылып жатыр», деді Президент.
Бұл туралы Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты
Соңғы жаңалықтар