«Той күні құрбысы қаза тапты»: Жанболат Найзабеков өміріндегі ең ауыр трагедия жайлы сыр шертті

«Той күні құрбысы қаза тапты»: Жанболат Найзабеков өміріндегі ең ауыр трагедия жайлы сыр шертті
Фото: видеодан скриншот

«Өнер қырандары» театрының белгілі актері Жанболат Найзабеков өміріндегі ең қасіретті кезеңі туралы ашық айтып, көп жыл бойы іште сақтаған жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында өнер иесі үйлену тойы өтетін күні ауыр жол апатына түскенін және сол сәтте келіншегінің ең жақын құрбысы көз жұмғанын еске алды. Оқиғадан 20 минут бұрын марқұм бойжеткен актермен көліктегі орындарын ауыстырған екен.

«Ең қиыны — ата-анасына, менің келіншегіме естірту болды. Келіншегіме екі-үш күндей өтірік айттым. Өйткені оның артқы лобовой әйнек басын жыртып жіберген, қан тоқтаған жоқ. Кинолардағыдай той көйлегі қып-қызыл қан болды. Ол кезде инстаграм жоқ еді, бірақ «Өнер қырандарындағы» Мадияр мен Жанболат қайтыс болып кетіпті деген қауесеттер тарады. Тойымыз болмай қалды», — деді актер.

Жанболат Найзабековтің айтуынша, марқұмның отбасына қаралы хабарды өз әкесі жеткізген. Ауыр соққыдан кейін жұбайы Іңкәр терең депрессияға түсіп, қатты күйзелген.

«Үлкен жара болып қалды. Ата-анасымен жүздестік, кешірім сұрадық. Басына барып, Құран оқыдық. Арада қанша жыл өтсе де, бұл туралы еш жерде тіс жармаған едім, айтудың өзі өте қиын», — деп толықтырды ол.

Сондай-ақ өнер иесі 400 адам шақырылып, Алматыдан арнайы әріптестері келген үлкен тойдың тоқтатылғанын айтты. Кейіннен жағдай саябырсыған соң, тек жақындарының арасында шағын беташар жасаумен шектелген. Актер алдағы уақытта өтпей қалған сол үйлену тойын атап өту жоспарда барын да жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу