«А деген әріптің дидарын да көрмеген»: Қандас 70-тегі анасының Кирилл әліпбиімен емтихан тапсыруға мәжбүр екенін айтып налыды

09.07.2026 10:37 Қарақат АСЫЛОВА
«А деген әріптің дидарын да көрмеген»: Қандас 70-тегі анасының Кирилл әліпбиімен емтихан тапсыруға мәжбүр екенін айтып налыды
62
Фото: видеодан скриншот

Қытайдан атажұртқа қоныс аударып, атамекенінде біржола тұрақтап қалуды армандаған қандасымыз Пәтигүл Әлімқожақызы Қазақстандағы қағазбастылық пен тосыннан шыққан жаңа заң талаптарына ілесе алмай, әбден тығырыққа тірелгенін әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол өзінің қиындығын былай қойып, өмірінде мектеп табалдырығын аттап көрмеген қарт анасының ертеңгі күні не боларына қатты алаңдап, уайым шегіп отырғанын жеткізді. Кейіпкер бұл туралы өзінің ащы шындығы мен басындағы тауқыметін «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында ашық баян етті.

«Өзімізді қойшы, ал әкем мен шешем бұл сынақты қалай тапсырмақ? Менің анам — өмір бойы ауылдық жерде, ата кәсіп, мал шаруашылығының соңында өскен, мүлдем хат танымайтын жан. Ол кісі өмірінде мектеп табалдырығын аттап көрмеген, тіпті «А» деген әріптің де дидарын көрген емес. Жасы міне 70-ке келді. Ондай адам қалай емтихан тапсырмақ? «Сынақ болады екен» дегенді мына Бәдигүл апайдан естіп, «бәлкім, бір реті болар, барып көрейік» дегенімде, анамның қорыққаны соншалық, егіліп жылап жіберді. Міне, мына кісі де сөзіме куә. Анам үрейленгеннен: «Мен мектеп көрмеген бейбақпын, бала-шағаммен далада қаламын ба? Өмірімде қолыма қарындаш ұстап көрмеп ем, мектептің не екенінен де бейхабар едім. Енді 70-ке келгенде мынадай күйге түскенім бе?» – деп дірілдеп, көз жасына ерік берді. Бұл жағдай қабырғамызға өте батып, бізге ауыр тиіп жатыр. Барлық құжатымыз тас-түйін дайын, дактилоскопиядан де өттік, бәрін заңдастырдық. Мұны Бәтигүл әпке де жақсы біледі. Енді біздің бұл елдегі заңды жүріп-туруымыз қалай болмақ?» — деп кейіді қандас.

Сұқбат барысында қандасымыз Қазақстандағы медициналық қызмет көрсету мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, перзентінің қолы сынған сәтте жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуға дер кезінде жетіп, алғашқы медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсеткен әрі тиісті ем-домын жасаған. Алайда, кейіннен емханаға дәрігердің екінші мәрте тексеруіне барған кезде, құзырлы органдар «ел аумағында ресми тіркеулеріңіз жоқ» деген уәжбен баланы қабылдаудан бас тартқан.

«Жақында ғана баламыздың қолы сынып, жанұшырып ауруханаға бардық. Жедел жәрдем қызметіне дән ризамын, бірден жеткізіп, гипс салып берді. Бірақ кейін қайта тексеруге апарар кезде: «Сендерде тіркеу жоқ», – деп қабылдамай қойды. Мен бұл жақтың заңын, жүйесін толық түсіне бермеймін, бірақ бұл кедергілер бізге үлкен қиындық тудыруда. Егер азаматтық пен ықтиярхат ала алмасақ, бұл жақта қалай күн көреміз? Бұл — жалғыз біздің ғана емес, барша қандастардың жан айқайы. Өте күрделі мәселе екен. Мектепке барсаң құжат сұрайды, емханаға тіркелейін десең тіркеу талап етеді. Ал ол құжаттардың елімізде ешқайсысы жоқ. Қай мекемеге барсақ та, алай-бұлай сілтеп, әр есікті бір қақтырады. Жүйені білмеген соң сандалып, шығындалып, барымыздан айырылып, шашыламыз. Оған жол ақысы мен басқа да бейберекет шығындарды қосыңыз, жүйкеміз әбден тозды», — деді Пәтигүл Әлімқожақызы.

Сондай-ақ кейіпкер сөзінің түйінінде, егер қандастардың елге келгенде міндетті түрде емтихан тапсыратыны жайлы бұл пилоттық жоба туралы алдын ала, ертерек хабарланғанда, ол жақтағы дүние-мүлік пен жылы орнын суытпай, Қазақстанға мүлдем қоныс аудармас па едік деген өкінішін де жасырмады.

«Біз «өз еліміз, өз жеріміз» деп, екі баламыз осы елдің азаматы болып, осы жаққа еңбек сіңірсе екен деп келдік. Перзенттеріміздің осы қасиетті топырақта есейіп, ержеткені — біздің ең үлкен арманымыз бен түпкі мақсатымыз. Ол үшін тек қуанамыз. Өзіміз көрген тауқыметті ештеңе қылмас едік, бірақ бізге де жейтін нан, күн көріс керек қой. Бұл жақта бізге кім қол ұшын созады? Егер осындай пилоттық жобаның бізге үлкен сынақ болатыны, көші-қон заңдылығының осындай қатал талаптары бар екені біз атажұртқа көшпей тұрып ашық айтылғанда, бәлкім, біз ол жақтағы мекенімізді суытпай, көшіп келмес пе едік деген де ой келеді» — деді қандас.

Войдите, чтобы оставить комментарий