Айдос Сарым: Қазір заң шығарушы биліктегілердің 80 пайызы — бұрын саясатта болмаған жастар

07.10.2026 • 19:35 Томирис САҒЫНДЫҚ
Айдос Сарым: Қазір заң шығарушы биліктегілердің 80 пайызы — бұрын саясатта болмаған жастар
139
Фото: parlam.kz

Саясаттанушы Айдос Сарым Құрылтай құрамының қоғам талабына сай жасарғанын және жаңа буынның саясатқа араласуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Айдос Сарым DEMEDIA подкастында айтты. 

«Қазіргі таңда көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары мен үлкен мүмкіндіктер бар. Тіпті халықтың пікірін жинайтын e-Әкімшілік, e-Үкімет сияқты онлайн ресурстардың өзі қоғамға не қажет екенін, сондай-ақ әртүрлі жастағы, топтағы және аймақтағы азаматтарды қандай мәселелер алаңдататынын толыққанды көрсете алады. Жабық әрі ашық форматта жүргізіліп жатқан социологиялық зерттеулерді айтпағанның өзінде. Қоғамның сұранысын түсініп, оның талабына сай болуға ұмтылғандықтан, қазір саяси партиялар да, Парламент те, Үкімет те жасарып келеді. Шындығына келсек, әр заманның өз талабы болады. Соғысқа қатысты Наполеонның: «Генералдар әрдайым кешегі өткен соғыстарға дайындалады», – деген сөзі бар. Түсініктірек айтқанда, олар өздері көрген, қатысқан және жақсы білетін дүниелерге сүйенеді. Ал жаңа соғыс, жаңа майдан немесе жаңа реформа басталғанда, сахнаға бірден жаңа толқынның шығатыны — айдан анық нәрсе. Екінші дүниежүзілік соғыста да, өзге де тарихи оқиғаларда дәл осылай болған. Сондықтан бүгінгі заман талабына сай жаңа буын келді деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл өзгеріс атқарушы билікте де, заң шығарушы билікте де көрініс табуда. Қазіргі таңда заң шығарушы биліктегі өкілдердің 80 пайызы — бұрын саясатта болмаған, әртүрлі салалардан келген жастар», — деді Айдос Сарым.

Саясаткердің айтуынша, әлеуметтік топтар мен жас ерекшеліктерінің тепе-теңдігі елдегі саяси тұрақтылықтың маңызды кепілі болмақ. Қоғамда жастардың саяси тәжірибесіне қатысты әртүрлі пікірлер жиі айтылады. Алайда, шынайы біліктілік пен тәжірибе тек тәжірибелік жұмыс арқылы жинақталады. 

«Айталық, егер құрылтайдағы депутаттардың 95 пайызы 20 мен 30 жас аралығындағы жастар болса, онда тым елпілдеп, төңкеріс жасауға бейім жағдай орнар еді. Тек айтыскерлер немесе бірсарынды адамдар отырса да, белгілі бір мәселе туындайтыны сөзсіз. Ал қазіргі Парламент — бүгінгі қоғамның шынайы айнасы. Жас айырмашылығына тоқталсақ, ең жас депутат — 26 жастағы, оқырмандар атынан сайланған Русана есімді қарындасымыз. Ол — эко-белсенді, «Жасыл ел» бағдарламасының еріктісі, талай ағаш отырғызып, жастардың басын қосқан білікті маман. Сол сияқты, жастар ұйымдарын басқарған, жастайынан, тіпті студенттік кезеңінен саяси белсенділік танытқан азаматтарды «тәжірибесіз жас» деу — қиянат. Өмірінде бірде-бір тал екпеген адамдардың диванда жатып алып: «Сенің тәжірибең жоқ», — деуге қаншалықты құқығы бар? Меніңше, қазіргі құрамда жақсы тепе-теңдік сақталған. Тәжірибе тек іске тікелей қатысу, заң шығару жұмысына араласу және саясаттың ортасында жүру арқылы ғана жинақталады. Диванда жатып, теледидар қарап отырып ешкім де Месси немесе Роналду болып кетпейді. Олар сияқты даңқты спортшы болу үшін бала кезден футболмен айналысып, жергілікті алаңдардан өтіп, «Реал Мадрид» пен «Челси» сияқты әлемдік клубтар деңгейіне дейін көтерілу қажет», — деді Айдос Сарым.

Айдос Сарымның айтуынша, кез келген азаматтың саяси салада дамуы мен өсуі белгілі бір сатылардан тұрады. Қазіргі саяси жүйеде жергілікті өкілді органдар жастар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Сонымен қатар, қоғамда жас ерекшелігіне байланысты кемсітушілікке жол бермеу мәселесі де ерекше маңызға ие. 

«Әркім өз жолын өзі таңдайды, бірақ дамудың бағыты біреу. Саясаткер болғысы келген адамға Қазақстанда мүмкіндіктер мен алаңдар жетерлік: олар — саяси партиялар мен мәслихаттар. Сайланған жастардың көбі осыған дейін де қалалық немесе облыстық мәслихат депутаттары болып, тәжірибе жинақтаған. Олар көктен түсе салған жоқ. Сондықтан барлығы әділ әрі дұрыс болғаны жөн. Эйджизм — жақсы құбылыс емес. Егер 20 жастағы жас жігіт ақсақалдар кеңесінің ішіне барып отырса, ол орынсыз болар еді. Ал Парламент — Ақсақалдар кеңесі емес, ол — бүкіл халықтың өкілдік органы», — деді Айдос Сарым.

Войдите, чтобы оставить комментарий