Абзал Құспан: Орыстілдіге қарағанда қазақтілді ортаның құқықтық сауаты төмен

16.07.2026 22:50 Томирис САҒЫНДЫҚ
Абзал Құспан: Орыстілдіге қарағанда қазақтілді ортаның құқықтық сауаты төмен
84
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандық белгілі заңгер, қоғам қайраткері және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің VIII сайланымының депутаты Абзал Құспан қазақ және орыстілді ортаның заңға келгенде айырмашылығы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол juzmedia.kz подкастына берген сұқбатында айтты.

«...Бұл — менің заңгерлік тәжірибемде жиі көтеріп, үнемі айтып келе жатқан тұрақты ұстанымым. Біз бүгін ащы да болса шындыққа тура қарауымыз керек: қоғамымыздың басты дерті тек құқықтық емес, сонымен бірге қаржылық сауаттың төмендігі. Әрине, «біртұтас Қазақстан қоғамымыз», «бәріміз бір қазақстандықпыз» деген ұранды сөздер құлаққа жағымды естіледі, мен де осы биік мұратты аңсаймын. Бірақ іс жүзіне келгенде, қоғамымыздың жік-жікке бөлініп кеткенін жасыра алмаймыз. Ең алдымен, қазақтілді және орыстілді деп екіге жарылып отырмыз. Бұл — ұлт араздығы емес, бұл — таза тілдік ортаның айырмашылығы. Дәл осы тұрғыдан алғанда, қазақтілді қауымның құқықтық сауаты орыстілді ортамен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін ашық айтуымыз керек. Бұл пікірім ешкімнің намысына тимеуі тиіс, өйткені мұны мен тек жаным ашығандықтан айтып отырмын», — деді Абзал Құспан.

Ойын әрі қарай сабақтаған депутат әлеуметтік желіде арнайы жүргізген өз тәжірибесіне тоқталып, қазақ және орыстілді ортаның құқықтық болмысы мен заңды қабылдау ерекшелігін нақты мысалдармен айшықтап берді.

«Әлеуметтік желіде талай мәрте өзіндік тәжірибе жасап көрдім. Белгілі бір заңдық немесе қоғамдық мәселеге қатысты орысша да, қазақша да пікір білдіріп, талқылауларға қатыстым. Сонда байқағаным: қазақтілді ортада құқықтық уәждің орнына эмоция мен агрессия алға шығады. Егер біреу: "Заңгерлер не дейді екен?" — деп сұрап, оған заң жүзінде нақты жауап берсең, оны қабылдағысы келетін адам аз. Жауап көңілінен шықпаса, заңгерді жерден алып, жерге салуға дайын тұрады. Бізде біреудің пікіріне қарсы уәж айтқанда: "Жоқ, бұл жерде қате кетті, былай болуы керек" — деп, баптармен дәлелдейтін мәдениет қалыптаспаған. Ал орыстілді орта бұл тұрғыдан бір саты жоғары тұр: олар заңды талдауға, фактілерді саралап, дәлелді сөйлеуге тырысады», — деді заңгер.

Сонымен қатар, ол құқықтық тәртіп пен экономикалық дамуды қатар ұштастырып, осы қос саладағы білім көжиегін үнемі кеңейтіп отырудың аса маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Неліктен мен құқық пен экономиканы қатар қойып отырмын? Өйткені бұл екі сала — қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің өзегі. Өзге мәселелер кейбір адамдарға қызық емес шығар, бірақ экономика мен құқықтан ешкім қашып құтыла алмайды. Экономика — сіздің күнделікті дүкеннен алатын наныңыздан бастап, көлігіңізге құятын бензиніңізге дейінгі тікелей әсер ететін фактор. Құқық та дәл солай. Адам баласы елсіз иен далада жалғыз өмір сүрмейді, қоғам ішінде өзгелермен қарым-қатынас жасайды. Демек, сіз күн сайын заңмен бетпе-бет келесіз: мейлі ол азаматтық, еңбек, қылмыстық немесе әкімшілік құқық болсын — бәрі өміріңізбен біте қайнасқан. Сондықтан бұқараның құқықтық сауатын көтеру — мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығына айналуы тиіс. Бірақ мемлекеттік органдар мінберлерден айтуға жасқанатын тағы бір шындық бар: біз елді ортақ ұрандармен біріктіре алмаймыз, қазақтілді және орыстілді ортаның арасындағы айырмашылық айдай анық болып тұр. Ендеше, қазақтілді қауымға құқықтық ақпарат жеткізудің мүлде басқаша әдіс-тәсілін жасауымыз керек. Қазіргі ұсынылып жүрген дүниелердің бәрі — орыстілді ортаның қажеттілігіне сай дайындалған жобалар. Оны мемлекеттік тілге жай ғана аудара салып ұсыну — ешқандай нәтиже бермейді, өміршең болмайды. Қазақтілді ортаның болмысы мен діліне сай келетін өнімді қазақтілді заңгерлердің, өз тілімізде сөйлейтін идеологтар мен білікті мамандардың өзі жасап шығуы тиіс. Тек сонда ғана біз құқықтық сауаттылықты жаңа деңгейге көтере аламыз деп жиі айтамын», — деді Абзал Құспан.

Войдите, чтобы оставить комментарий