«Адам төзетін жер емес»: Әскерде қаза тапқан сарбаздың соңғы сөзі белгілі болды

«Адам төзетін жер емес»: Әскерде қаза тапқан сарбаздың соңғы сөзі белгілі болды
06.10.2025 13:05
0
215
әлеуметтік желі

Алматы облысында әскери борышын өтеп жүрген 18 жастағы сарбаздың жұмбақ өлімі қоғам назарын аударды. Қайғылы жағдайға байланысты марқұмның туыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Ertenmedia мәліметінше, Қызылорда облысынан Алматы облысының Қарасай ауданындағы ҰҚК Шекара қызметіне шақырылған Нұрасыл Әнуардың қазасы әскери бөлімдердегі әлімжеттік мәселесін қайта көтерді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, сарбаздың өліміне менингококцемия диагнозы себеп болған. Бұл — менингококк бактериясының қан арқылы тарап, ағзаны уландыру нәтижесінде пайда болатын қауіпті инфекциялық ауру. Дәрігерлердің алдын ала қорытындысы бойынша, Нұрасыл дәл осы аурудың асқынуынан көз жұмған.

Алайда марқұмның жақындары ресми нұсқаға сенбейді. Олардың айтуынша, әскерге шақырылмас бұрын Нұрасылдың денсаулығы жақсы болған, ешқандай ауру белгілері байқалмаған. Туыстары қазір сарбаздың өлімін жан-жақты тергеуді және істің ашық, әділ жүргізілуін талап етуде.

Бұл оқиға қоғамда әскердегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, әлімжеттік пен бақылаусыздықтың салдарын қайта талқылауға түрткі болды.

«Егер оның денсаулығында ақау болса, медициналық комиссия анықтар еді. Мұндай қауіпті инфекция кемі бір тәулік ішінде белгісін беретін еді ғой. 4 қазан күні кешке аға-әпкесімен телефон арқылы тілдескенде денсаулығына шағым айтқан жоқ. Тек «мына жер адам төзер жер емес екен» деп бірнеше рет қайталаған. Армияны мүлде басқаша елестеткен сияқты», – деді Orda порталына пікір білдірген сарбаздың әпкесі Динара.

Нұрасыл Әнуар әскерге 2025 жылдың 27 қыркүйегінде өз қалауымен кеткен. Бір аптадан соң, 5 қазан күні таңғы сағат 7:40-та туыстары оның қайтыс болғанын естіген. Жедел жәрдем таңғы сағат 4:47-де шақырылғанымен, дәрігерлер сарбаздың өмірін сақтап қала алмаған. Жақындары мәйітті бірнеше сағат бойы ала алмай, құжат рәсімдеуде қиындық туған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий