Қазақстан әлемдегі ең қуатты 100 елдің қатарына енді
Қазақстан World Population Review халықаралық статистикалық платформасы жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде 100 мемлекеттің арасында 34-орынға ие болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Аталған тізімде Қазақстан бірқатар дамыған мемлекеттен жоғары орынға жайғасқан. Атап айтқанда, еліміз Данияны (36-орын), Біріккен Араб Әмірліктерін (37-орын), Оңтүстік Африка Республикасын (38-орын), Норвегияны (39-орын) және Сауд Арабиясын (40-орын) басып озды. Сонымен қатар Пәкістан (42-орын) мен Иран да (46-орын) Қазақстаннан төмен орналасқан.
Рейтинг мемлекеттердің әлемдік аренадағы ықпалын бірнеше көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономикалық және саяси әлеует, көшбасшылық қабілет, халықаралық одақтастықтар мен әскери қуат бар. Осылайша, елдердің қуаты тек экономика көлемімен емес, жаһандық саясаттағы орны мен ықпалы арқылы да айқындалады.
Посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан Ресейден кейінгі орынға тұрақтады. Ресей рейтингте 11-орында тұр. Ал Украина 51-орынға, Литва 56-орынға, Беларусь 57-орынға, Өзбекстан 71-орынға жайғасқан. Сондай-ақ Қазақстан Латвия, Эстония, Армения және Грузиядан да жоғары нәтиже көрсетті.
Рейтинг көшін Қытай бастап тұр. Екінші орында АҚШ, ал үшінші орында Үндістан орналасқан. Алғашқы ондыққа Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия да енген.
Айта кетейік, Қазақстанның 34-орынға орналасуы халықаралық рейтинг аясында елдің саяси, экономикалық және әскери әлеуетіне берілген бағалардың бірі саналады. Дегенмен бұл көрсеткіш мемлекеттің барлық даму саласындағы жағдайын толық сипаттамайды.
Соңғы жаңалықтар