«Өлсе, өле берсінші!». 16 жасар қазақстандық қыз жынысын ауыстырмақ болған

20.07.2026 14:39 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Өлсе, өле берсінші!». 16 жасар қазақстандық қыз жынысын ауыстырмақ болған
226
Фото: видеодан скриншот

Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова өзін еркек сезініп, жынысын ауыстыру отасына бел буған 16 жасар еркекшора қыздың күрделі тағдырын бөлісті. Психоаналитиктің пайымдауынша, бұл психологиялық дағдарыстың тамыры — бала күнінен қызды ұл бала сияқты қабылдап, оны еркекшора етіп өсірген әке тәрбиесінің қателігінде жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы психоаналитик журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында әңгімеледі.

«Осыдан бес-алты жыл бұрын алдыма «Алтын белгіге» үміткер, өте ақылды бір қыз келді. Ол кезде 11-сыныпта оқитын. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кенеттен: «Енді оқымаймын. Егер менің айтқанымды істемесеңдер, суицид жасаймын», – деп шарт қойыпты. Қаланың қызы ғой. Шошып кеткен әке-шешесі оны құшақтап, жұбатып, ақыры маған мәжбүрлеп ертіп келді. Басында қыз тіс жармай, үнсіз отырды, тек әке-шешесі ғана сөйледі. Сөйтсек, қыздың қойып отырған талабы мынадай екен: «Маған ақша беріңіздер, мен өзім жақсы көретін адам үшін жынысты ауыстыру операциясын жасаймын. Егер операцияға ақша бермесеңіздер, өзімді-өзім өлтіремін». Осылайша, «Алтын белгіге» үміткер қыздың ішкі арпалысы сыртқа шықты. Бұл жағдайда ең қиыны қыздың немесе әкесінің емес, анасының позициясы болды. Анасы: «Өлсе, өле берсінші!» – дейді. «Қалайша? Ол сіздің туған қызыңыз ғой, жасы әлі 16-да ғана», – деймін. Өзі сондай сымбатты, ақылды, сыптығыртай қыз. Төртеуіміз отырып, қазақша сөйлесіп жатырмыз. Кейінірек сырын тереңірек білейін деп, қызды оңаша алып қалдым. Ол басында: «Мен оны жақсы көремін, ол да мені сүйеді», – деп тұрақсыз сөйлегенде, сүйіктісін жігіт шығар деп ойладық. Алайда, оңаша қалғанда қыз бірден орыс тіліне өтіп: «Я её полюбил с пятого класса. Когда она пришла к нам в пятом классе, я сразу её выделил. И с тех пор я её люблю», – деді. Осы сәтте орыс тілінің грамматикасы маған мәселенің мән-жайын бірден ұғынуға көмектесті. Бұл қыз, шынымен де, өзін қыз емес, еркек ретінде сезінеді екен. Бесінші сыныптағы баланың жасы бары-жоғы 10-11-де ғана ғой», – деді Анна Құдиярова.

Ары қарай психоаналитик бұл мәселенің түп-тамырын, яғни қыз баланың мұндай күйге түсуіне әсер еткен балалық шақ жарақаттары мен отбасындағы психологиялық факторларды қалай анықтағанын егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Мәселені зерттей келе, әкесінің еңкілдеп жылағанына куә болдық. Ол өз қателігі мен жауапкершілігін сонда ғана түсініп, көз жасына ерік берді. Себебі, отбасындағы тұңғыш перзенті ұл бала екен. Бірақ ол өте «мамсик», анасының тәрбиесімен тым ерке болып өскен. Содан әкесі кейіп: «Әттең, сенің орныңа мына қызым ұл болып туғанда жақсы болар еді», – деп, ұлын ұрсып, үнемі қызын мақтап отырады екен. Кейінірек ұлы еркекшора болмасын, жігіт құсап өссін деп, оны бірінші сыныптан бастап футболға береді. Ал мынау 3-4 жасар кішкентай қыз: «Мен де барамын, мен де барамын!» – деп қиғылық салған соң, бір жылдан кейін әкесі қызын да футболға қосады. Футбол ортасына тап болған соң, қыз бала шашын қысқа қиып, үнемі ұлдардың арасында жүріп, солардың мінез-құлқын сіңіре бастайды», – деді маман.

Мұнымен қатар, Анна Құдиярова терапияның арқасында бұл күрделі оқиғаның қалай оңтайлы аяқталғанына және қыз баланың өз табиғи болмысына қайта оралуына септігін тигізген маңызды сәттерге тоқталды.

«Бала психологиясында 3-4 жас – Эдип кешені (болмыстық сәйкестендіру) кезеңі. Бұл шақта ұлдар – еркектер ортасына, қыздар – әйелдер ортасына бейімделуі тиіс. Ал бұл отбасында бәрі керісінше болды: әкесі үнемі қызын көтермелегендіктен, әке мақтауына ие болу үшін қыз бала саналы түрде өзін ұл сияқты ұстауға тырысқан. Ұл бала құсап киініп, шашын солай қиды, іс-әрекеті мен жұмысы да ұлдарша болды. Осылайша, бесінші сыныпқа келгенде өз сыныптас қызына деген құштарлығы оянған. Бірнеше кездесуден кейін біз ортақ мәмілеге келдік. Терапия барысында анасымен жұмыс істеу қатты қиындық тудырды. Ол кісі: «Өлсе, өле берсін, мен құдалардың, туған-туыстың алдында не бетімді айтамын? Мамама не деймін?» – деп намысқа тырысып бақты. Мен оған: «Сіз бұл баланы дүниеге әкелдіңіз. Қазір оның көрпенің астында кіммен құшақтасып жатқаны маңызды емес, ең бастысы – қызыңыздың өмірін аман алып қалу. Бала тірі болса, қалған мәселенің бәрін уақыт өте келе шешуге болады», – деп түсіндірдім. Сонда әкесі жағдайды түсініп, операцияға қажетті қаражатты тауып беруге сөз берді (өзі ауқатты, қалталы отбасы екен). Әрине, мен де 16 жасар жас балаға бірден операция жасатуға рұқсат бере алмаймын. Сондықтан қызбен былай келістік: «Сен қазір мектепті жақсылап бітіріп, “Алтын белгіңді” қорғап шық. Әкең сөз берді, арада төрт жыл өтіп, бакалавриатты тәмәмдаған соң, операцияға қажетті ақшаны қолыңа ұстатады. Болашағыңды реттеп, шетелге оқуға кеткен соң, ол жақта кіммен тұратыныңды анаң да, туыстарың да білмейтін болады», – деп қызды көндірдік. Әкесі уәдесін берді, ал анасы үнсіз, томсарған күйі қалды. Осыдан кейін олар қайтып қабылдауыма келген жоқ, соған қарағанда бұл мәселе оңтайлы шешімін тапқан сияқты. Меніңше, шешілді. Өйткені ол кезде қыз бала 16 жаста ғана еді, ал алда төрт жылдық студенттік өмір тұрды. Студенттер ортасында, үлкен өмірде оның айналасында ақылды, сымбатты қатарлас жігіттер мен жас, білімді оқытушылар болды. Менің ойымша, сол жаңа ортада оның гендерлік идентификациясы (өзін әйел жынысы ретінде қабылдауы) қайтадан қалпына келген болуы тиіс. Сонымен қатар, бұл оқиғадан кейін отбасындағы қарым-қатынас та өзгерді. Әке-шешесі оған «ұлым» деп емес, «қызым» деп мейірлене сөйлейтін болды. Себебі, кейбір отбасылар қыз балаға «қыз» деген сөзді қимай, үнемі «ұл» деп сөйлейді ғой», – деп бөлісті Анна Құдиярова.

Войдите, чтобы оставить комментарий