Түркістанда ер адам 25 жыл отасқан әйелін өлтіріп, өзіне қол жұмсамақ болды
Түркістанда ер адам 54 жастағы әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Ауыр жарақат алған көпбалалы ана ауруханада көз жұмған. Бұл туралы «Информбюро» бағдарламасы мәлім етті.
Қайғылы жағдай жер үйлердің бірінде болған. Көршілерінің сөзіне сенсек, қолы қанға боялған күйеуі қылмыстан кейін өз денесін пышақпен тіліп жіберген. Ол тез арада ауруханаға жеткізіліп, аман қалды.
Ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында 25 жыл тұрып, төрт бала тәрбиелеп өсірген. Марқұм өмір бойы үй шаруасымен айналысқан. Оқиға кезінде үйде олардың кенже ұлы ұйықтап жатқан.
«Арманы көп адам еді. Жетіспеушілік көрген жоқ, жағдайлары дұрыс болатын. Отбасылық жанжал шығар деп ойлаймын. Кішкентай баласы маған "апа, мен кешігіп қалдым" дейді. Ұйықтап жатқан жерінен анасының дауысын естіп шықса, қан атқылап жатқанын көріпті», – деді марқұмның көршісі Гүлнар Сапарова.
Көршілері бұл отбасынан бұрын-соңды теріс қылық байқамағанын айтады. Қанды жанжалға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Марқұмды жақындары бүгін жер қойнына тапсырды.
Қазіргі уақытта полиция күдіктіні қамауға алып, істің мән-жайын зерттеп жатыр.
«Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданатын болады», – деді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Соңғы жаңалықтар