Әл-Фарабидегі апат: Марқұмның әкесі 100 млн теңге өндіруді сұрады
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот отырысында марқұм қыздың әкесі азаматтық талап-арызын жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, марқұмның әкесі айыпталушыдан 100 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді сұрап отыр.
Талап арызда адам өмірі ең жоғары құндылық екені айтылып, қызынан айырылған әкенің қайғысы ешқандай қаражатпен өтелмейтіні атап өтілген.
«Жалғыз қызымның өлімі мен үшін орны толмас қасірет болды. Ол көз жұмған күннен бастап менің өмірім екіге бөлінді. Ешқандай материалдық дүние қызымды қайтара алмайды, бұрынғы өмірімді қалпына келтірмейді», – деді марқұмның әкесі.
Сотта ол қазақ дәстүрінде адам өмірінің құны ерекше бағаланғанын да тілге тиек етті.
«Бұрын адамның өлімінің құны 100 түйе болған. Мен жалғыз қызымнан айырылдым. Оның жасы небәрі 20-да еді. Әке үшін мұндай қасіреттің орны толмайды», – деді ол.
Осыны негізге алған жәбірленуші моральдық зиянды өтеу ретінде 100 миллион теңге өндіріп беруді сұрады.
Еске салайық, бұған дейін марқұмның әкесі айыпталушыны кешірмейтінін айтып, сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысу туралы өтініш білдірген болатын.
Соңғы жаңалықтар