Екі оқушы да зорлық көрген: Павлодардағы мектепте екі қылмыстық іс қозғалды

Екі оқушы да зорлық көрген: Павлодардағы мектепте екі қылмыстық іс қозғалды
Фото: depositphotos.com

Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде білім алатын екі қызға қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Осы дерек бойынша полиция екі қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді қамауға алды.

Оқиға туралы құқық қорғау органдарына мектеп әкімшілігінің өзі хабарлаған. Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, білім беру мекемесінен түскен ақпарат негізінде тексеру басталған.

Ал облыстық білім басқармасының хабарлауынша, оқушылармен жеке жұмыс жүргізген мектеп психологы қыздарға қатысты болуы мүмкін жағдайды анықтаған. Осыдан кейін мектеп басшылығы ата-аналарға хабар беріп, тиісті ақпаратты полицияға жолдаған.

Қазіргі уақытта күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сот олардың қамауда болуына қатысты бұлтартпау шарасын таңдаған.

Полиция өкілдері тергеу аясында қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал балалардың қауіпсіздігі мен тергеу құпиясын сақтау мақсатында оқиғаның өзге мән-жайлары жария етілмейді.

Сондай-ақ күдіктілердің кім екені әзірге белгісіз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу