«Барни» үшін болған жанжал: 19 жастағы Мадинаның мәйіті қайта қазып алынды
Жамбыл облысының Мерке ауылында қаза тапқан 19 жастағы Мадина Рашидқызының (Әуезова) мәйіті Алматы маңында қайта қазып алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сенбейтінін айтып, істі қайта тексеруді талап еткен еді.
Бұл туралы заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, эксгумация жәбірленуші тараптың өтініші негізінде жүргізілген. Енді Алматы қаласында қайталама комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған.
«Алғашқы сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне сенбейміз. Сондықтан сараптаманы қайта жүргізуді сұрадық», – деді заңгер.
Жамбыл облысының полиция департаменті Мадинаның өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Марқұмның жұбайы іс бойынша қорғауға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға Жамбыл облысының Мерке ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 жастағы Өзбекстан азаматы өмірден өтіп, артында сегіз айлық сәбиі қалған.
Алайда оның өліміне қатысты бірқатар күмәнді жайттар қоғам назарын аударды. Қайтыс болар алдында Мадина құрбысына күйеуімен жиі жанжалдасатынын және отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болғанын жазған. Жақындарының айтуынша, соңғы жанжал балаға сатып алынған «Барни» тәттісіне байланысты туындаған.
Марқұмның құрбысы бұған дейін оның денесіндегі көгерген іздерді көргенін және жарақаттарының суреттерін алғанын айтқан. Сондай-ақ Мадина күйеуінен кетіп, ажырасуға ниетті болғаны хабарланған.
Қазір істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар