Әл-Фарабидегі сұмдық апатта қызынан айырылған әке сотта жеңіліп қалды
Алматыда жылдамдықты асырып, үш адамның өмірін қиған кәсіпкер Александр Пактан 100 млн теңге өндіріп алмақ болған жәбірленушінің шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот кабинетінде жарияланған қаулыға сәйкес, жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шотенов бұған дейін кесілген 10 млн теңге көлеміндегі өтемақымен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Жәбірленуші тарап марқұмның отбасындағы жалғыз қыз болғанын алға тартып, кінәлі азаматтан моральдық шығын ретінде 100 млн теңге талап еткен, алайда сот жаза мерзімін де, өтемақы мөлшерін де өзгеріссіз қалдырды.
Тамыз айының 5 күні Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қарап, заңнамада моральдық зиянды өтеудің нақты мөлшері бекітілмегенін және 10 млн теңге ақылға қонымды әрі әділ шешім екенін атап өтті.
«Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 22 маусымдағы Александр Пакқа қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылсын, жәбірленуші мен оның адвокатының апелляциялық шағымы қанағаттандырылмасын», – делінген сот қаулысында.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні әл-Фараби даңғылында болған еді. Мас күйдегі 33 жастағы кәсіпкер Александр Пак жалған нөмір тағылған Zeekr көлігімен сағатына 219 шақырым жылдамдықпен қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Қатты соққының салдарынан 29 жастағы жүргізуші Еламан Тілемісов пен жолаушылар 20 жастағы Томирис Қыдырбек және 22 жастағы Құмар Теңеубаева оқиға орнында көз жұмды.
Осы іс бойынша 22 маусымда өткен сот отырысында судья Еркін Майшынов айыпталушыны кінәлі деп тауып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан шектеу туралы үкім шығарған. Сот барысында марқұм қыздың анасы мен басқа да жәбірленушілер кінәліні кешіретінін мәлімдегенімен, Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шотенов пен мемлекеттік айыптаушы қандай да бір мәмілеге келуден үзілді-кесілді бас тартып, ең қатаң жаза тағайындауды талап еткен болатын.
Апелляциялық сатыда жәбірленуші тарап кінәлінің жаза мерзіміне емес, тек өтемақы көлеміне қатысты шағым түсіргенін айта кету керек. Алматы қалалық сотының қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді, дегенмен тараптардың бұл шешімге қатысты қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотқа шағымдануға құқығы бар.
Соңғы жаңалықтар