Алматы облысында 11 жастағы баланы талаған иттердің иесі кінәсін мойындаудан бас тартты
Алматы облысы Жалпақсай ауылында осыдан бір жыл бұрын 11 жастағы оқушыны аяусыз талап тастаған төбеттердің иесіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға былтыр маусым айында балалар стадионда футбол ойнап жүрген кезде болған. Оңалту орталығының аумағындағы тәлімбақтан қашып шыққан бір питбуль мен екі ротвейлер Максим есімді жеткіншекке тап беріп, оның басын, бетін және денесін ауыр жарақаттаған. Қансырап жатқан баланы сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғын құтқарып қалып, екі итті пышақтап өлтіруге мәжбүр болған.
Бүгінде күдікті ретінде танылған жануарлардың иесі өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспей отыр. Ол оқиғаның футбол алаңында емес, өз аумағында болғанын алға тартып, балалардың өздері жануарларды ашуландырды деп есептейді.
«Жалпы маған тағылған айыппен келіспеймін. Оқиға болған кезде бір жасөспірім келіп, Максимді қоршаудан Илья итеріп жібергенін айтты. Түсінесіз бе, мұның бәрі біздің аумақта болды, стадионда емес. Жолдан өтіп бара жатқан адам пышақтап кеткен екі күшік мұндай жарақаттарды физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да салуға қабілетті емес», – деді күдікті.
Дегенмен прокурор тарап бұл уәжбен келіспейді. Иттердің иесі ірі тұқымды жануарларды бағудың талаптарын өрескел бұзған.
«Ол өзі асырап отырған ірі тұқымды иттердің физикалық күші басым, агрессивті инстинкті бар екенін және айналадағы адамдарға, әсіресе кәмелетке толмаған балаларға қауіп төндіруі мүмкін екенін нақты біле тұра, оларды ұстайтын аумақты тиісті қоршаумен қамтамасыз етпеген және жануарларға тұрақты бақылау ұйымдастырмаған», – деді прокурор Жарқын Қаптағаев.
Сан еті мен құлағынан айырылған Максим арада бір жыл өтсе де толық жазылмаған және денесіндегі тыртықтардан ұялып, далаға шығуды тоқтатқан. Оған құлақ қалқанына, бетіне және сан етіне үш кезеңнен тұратын пластикалық ота жасалуы керек. Алайда қаражаттың жоқтығынан медициналық емшаралар әлі күнге дейін басталмаған.
«Маған бір әйел қоңырау шалып, ұлымды иттер талап тастағанын айтты. Мен бірден далаға жүгіріп шықтым, алаңның ортасында балам қанға боялып жатты, ал иттер ол жерде болған жоқ», – деді жәбірленушінің анасы Екатерина Бурмистрова.
Ананың сөзінше, иттердің иесі осы күнге дейін бірде-бір рет кешірім сұрамағандықтан, жәбірленуші тарап оның қатаң жазалануын және барлық шығынды өтеп беруін талап етіп отыр.
«Қаражаттың жоқтығынан міндетті түрде жасалатын үш отаны өткізіп алдық, сондықтан қазір сол оталарды жасау үшін материалдық залалды өндіруге талап-арыз беріп отырмыз. Біз шамамен 5 млн, дәлірек айтсақ 4,5 млн теңге материалдық шығын және 10 млн теңге моральдық зиян көрсеттік», – деді адвокат Арман Шәріпов.
Қазіргі уақытта ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген күдікті "абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтірді" деген бап бойынша сотталып жатыр. Егер ер адамның кінәсі дәлелденсе, оған ірі көлемде айыппұл салынуы немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар