«Дәлел жоқ»: Ақтаудағы баланың әкесі мен хирургтың жанжалына қатысты Әлназарова кімді жақтады?

«Дәлел жоқ»: Ақтаудағы баланың әкесі мен хирургтың жанжалына қатысты Әлназарова кімді жақтады?
Фото: видеодан скрин

Ақтау қаласындағы балалар ауруханасында хирург пен бүлдіршіннің әкесі арасында болған жағажыртыс қоғамда қызу талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz. 

Желі қолданушыларының біразы баланың әкесінің әрекетін қолдаса, кейбірі дәрігерге қолдау көрсетті. Осыған қатысты денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкіметте өткен брифингте пікір білдірді.

«Өз қызметін атқарып жатқан адамды біреу келіп, ұрып-соғып, жұлқылап жатса, бұл дұрыс па? Қазір осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сол себепті құзырлы органдар өз бағасын берер. Ер адамның бұл жағдайға неліктен барғаны қылмыстық істі тергеу барысында дәлелденер. Ал дәрігер мұндай жағдайға жеткізді деген әзірге дәлел жоқ», – дейді министр.

Ол сөзін жалғай отырып, президенттің тікелей тапсырмасы бойынша дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қатысты жаза күшейгенін еске салды.

«Осыған байланысты президент биыл заңға қол қойып, ол сәуір айынан бастап күшіне енді. Қазақстанда осыған байланысты 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Бұл жерде біздің негізгі міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсету», – дейді ведомство басшысы.

Тараптардың уәжі: Дәрігер не дейді, әкесі не дейді?

Оқиға Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан баланың әкесі хирург Қанат Измаиловқа тап беріп, оның жағасынан алғаны байқалады.

Қанат Измаилов медициналық көмек көрсетпеді деген айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, ол баланы 15 минут бойы мұқият қарап, қажетті сараптамаларды тағайындаған соң келесі кезекшіге өткізген. Тексеріс кезінде соқыршекке (аппендицитке) күмән тудыратын клиникалық белгілер табылмаған. Аурухана әкімшілігі де баланы төсек-орынға жатқызуға негіз болмағанын, ал маман барлық талаптарды толық орындағанын мәлімдеді.

Ал баланың әкесінің айтуынша, ұлы Жамбылдың қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, соқыршек белгілері байқалған соң шұғыл ауруханаға жеткізілген. Алайда ол медицина қызметкерлерінің жайбасарлығы мен балаға немқұрайлы қарауына ашынып, эмоцияға берілгенін айтады.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу