Алматы облысында 17 жастағы бойжеткен жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

17.09.2026 09:44 Мөлдір ҚАЙНАР
Алматы облысында 17 жастағы бойжеткен жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
91
Фото: видеодан скриншот

Алматы облысына қарасты Долан ауылында 17 жастағы Ясмина Шертаева түнгі уақытта үйінен шығып кетіп, содан бері оралмаған. Жақындарының оны іздеп жатқанына екі айға жуықтады, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, бойжеткен түнде үйдегілердің бәрі ұйықтап жатқан сәтте киім-кешегі мен жинаған ақшасын алып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Анасы Гүлнара Шертаеваның айтуынша, қызы бұл қадамына алдын ала қамданған болуы мүмкін.

«Кейін қызымның бұрынғы сыныптасына белгісіз нөмірден хабарласып, жағдайының жақсы екенін және әлдебір әйелдермен бірге тұрып жатқанын айтқанын білдік. Бірақ нақты қайда жүргенін айтпаған», – дейді анасы.

Ясмина биыл 11-сыныпты аяқтаған соң көршісінің үйінде тігінші болып еңбектенген. Кейін тапқан табысына жаңа смартфон сатып алып, байланыс нөмірін ауыстырғаны анықталды. Алайда бұл туралы үй-ішіне тіс жармаған. Көршісі Мөлдір Құмархан оны сағатына 1000 теңге төлеп жұмысқа алғанын, артық қылығы жоқ, өте сабырлы қыз болғанын еске алады.

Отбасында алты баланың үлкені саналатын Ясминаның кенеттен кетуіне тұрмыс құру мәселесі себеп болуы мүмкін деген күдік бар.

«Ясминаны бір жігітпен таныстырмақ болған екен, оны кейін естідік. Қызымыз оған үзілді-кесілді қарсы болды. Қызым, егер біз сені байқамай ренжітіп алсақ, кешірші. Шаршаған шығарсың, үйге қайтшы, өтінемін», – деп көз жасын көл қылды анасы.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша полиция қызметкерлері мен еріктілер іздеу жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Бағдарлау қағаздары барлық тиісті органдарға таратылды. Жақындары оны көрген-білген немесе орналасқан жерінен хабары бар азаматтардан бірден «102» нөміріне хабарласуды өтінеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий