Қазақстанда Pin-Up букмекерлік кеңсесінің иелері халықаралық іздеуге жарияланды

Қазақстанда Pin-Up букмекерлік кеңсесінің иелері халықаралық іздеуге жарияланды
Ашық дереккөз

Қазақстан құқық қорғау органдары халықаралық деңгейде жұмыс істейтін Pin-Up букмекерлік кеңсесінің иелері Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаны іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі оларды Қазақстанда заңсыз онлайн-казино қызметін ұйымдастырды деген күдікпен іздеуге жариялаған.

"Kozachkov offside" Telegram арнасының мәліметінше бұл іске қатысты тергеу бір жылдан астам уақыт бұрын басталған. 2025 жылдың басында The Gambler Telegram-арнасы жариялаған зерттеуде Қазақстанда ресми тіркелген Pin-Up букмекерлік кеңсесі пайдаланушыларды елімізде қызметіне тыйым салынған онлайн-казино платформаларына бағыттайтыны туралы ақпарат тараған.

Осыдан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастаған. Іс аясында екінші деңгейлі банктердің бірнеше қызметкері ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар шетел азаматтарына заңсыз жолмен алынған қаражатты шетелге шығаруға көмектескен.

Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандықтардың онлайн-казиноларда жоғалтқан ақшасының жалпы көлемі 100 млрд теңгеге жеткен.

Тергеу барысында заңсыз схеманы ұйымдастыруға Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбургтің қатысы бар деген болжам айтылған. Олардың Қазақстанға арнайы келіп, жергілікті IT мамандары мен қаржы саласының өкілдерімен бірлесіп әрекет еткені тергеу материалдарында көрсетілген. Қазір бұл іске қатысы бар бірнеше адам қамауға алынған, ал аталған Украина азаматтары да іздеуде.

Енді тергеу назарына жобаның негізгі иелері де іліккен. Ашық деректерге сүйенсек, Pin-Up компаниясы Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен оның жұбайы Марина Ильинаға тиесілі. Екеуі де Кипрде тұрады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында жарияланған мәліметке сәйкес, Пунин мен Ильина халықаралық іздеуге жарияланған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу