Алматы облысында марқұм генерал Жайлаубек Халықұлының үйіне қарақшылар шабуыл жасады

22.06.2026 18:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматы облысында марқұм генерал Жайлаубек Халықұлының үйіне қарақшылар шабуыл жасады
294

19-нан 20 маусымға қараған түні Алматы облысында бұрынғы полиция генералы Жайлаубек Халықұлының жеке үйіне белгісіз біреулер басып кіріп, тонап кетті, деп хабарлайды HALYQSTAN телеграм-арнасы.

Түнгі сағат екі шамасында бетперде киген төрт ер адам қоршаудан секіріп аулаға кіргенде, үйде марқұмның 1964 жылғы әйелі мен 2016, 2018 жылдары туған екі немересі болған. Қарақшылар алдымен күзетшіні байлап, аузын скотчпен желімдеген, одан кейін әйел мен балаларды да байлап тастап, үйден 3 млн теңгеге жуық қолма-қол ақша мен алтын бұйымдарды алып кеткен.

Қылмыскерлер қашып кеткен соң балалардың бірі босап шығып, ата-анасына қоңырау шалған, осыдан кейін оқиға орнына шұғыл түрде полиция қызметкерлері шақырылды. Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, шабуыл жасаған төрт адам да орыс тілінде акцентпен сөйлескен.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, Жайлаубек Халықұлы 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған. Кейін 2022 жылдың 23 мамырында қылмыстық істі тоқтатамын деп азаматтан ақша мен мүлік алды деген күдікпен ұсталып, сол жылы 6 тамызда таңғы жеті шамасында тергеу изоляторында өлі табылған еді. Сол кезде ҚАЖК оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы механикалық асфиксия салдарынан болған өлімді тіркегенін хабарлаған еді.

Айта кетсек, бұған дейін Астрахан аудандық мәслихаты төрағасының үйін тонаған қарақшыларға сот үкімі шыққан болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий