Алматыда Асанәлі Әшімовтің бейітіне ескерткіш орнатылды

11.09.2026 15:59 Мөлдір ҚАЙНАР
Алматыда Асанәлі Әшімовтің бейітіне ескерткіш орнатылды
119
Фото: adyrna.kz

Алматы қаласындағы «Кеңсай» зиратында қазақ театр және кино өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қабіріне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Гүлфия Мендеш. Ол бұған дейін де өнер иесінің көзі тірісінде бірнеше бюст-мүсінін жасаған шебер.

Асанәлі Әшімұлы ұзақ жылдар бойы Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Ұлттық кино өнерінде өшпес із қалдырған актер «Қыз Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақырындағы» Шадияров, «Сарқырамадағы» Мәмбет, «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов және «Бұлғар даласынан ескен жылы жел» туындысындағы Шыңғыс хан бейнелері арқылы халық жадында қалды. Ол Шадияров рөлі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болса, Қасымханов бейнесі Бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесіне лайық деп танылған еді.

Сонымен қатар заңғар актер әдебиет айдынында қалам тербеп, «Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік» және «Ғұмыр-дария» секілді сүбелі еңбектер жазып қалдырды.

Аты аңызға айналған өнер майталманы 2025 жылғы 21 желтоқсанда 88 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий