Алматыда ерекше оқиға: жас келіншек жүкті екенін босанар сәтте бір-ақ білген
Алматыдағы жекеменшік клиникада ерекше жағдай тіркелді. Іші ауырып, асқазан-ішек жолдарын тексертуге келген келіншектің 7 айлық жүкті екені анықталған, деп хабарлайды Politico.kz.
Клиника мәліметінше, жас әйел дәрігерлерге ішінің кеуіп, ауырсыну сезімі мазалайтынын айтқан. Оның сөзінше, біраз уақыт бұрын қатты арықтағанымен, кейінгі айларда аяқасты салмақ қосып кеткен. Осыған байланысты ол асқазан-ішек жолдарын тексертпек болған.
Ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер күтпеген жағдайға тап болған. Тексеру барысында келіншектің жүкті екені, ал құрсағындағы сәбидің жеті айлық екені белгілі болған. Бұдан бөлек, УЗД кезінде әйелдің толғағы басталып кеткен.
«Клиникамыза жас келіншек келіп, іші ауырып тұрғанын, ішек жолы ауырлап, іші кеуіп кеткенін айтты. Әйел біраз уақыт бұрын қатты салмақ тастаған екен, бірақ, өзінің айтуынша, соңғы бірнеше айда қатты толып кеткен. Оған УЗД жасаған дәрігер әйелдің жүкті екенін, ішіндегі баласы 7 айлық екенін көрген. Оның үстіне, дәрігер тексеріп жатқанда кенет толғақ басталып кетіп, емханамыздың гинекологтары оны аман-есен босандырып алды», – деп мәлімдеді клиника өкілдері.
Дәрігерлердің көмегімен келіншек дені сау қыз баланы дүниеге әкелген. Қазіргі уақытта ана мен сәбидің жағдайы жақсы екені айтылды.
«Ішек жолым ауырады деп келген әйел осылайша аяқасты ана атанды. Жолдасы да қуанышты. Бұл – жас отбасының бірінші баласы екен», – деп хабарлады емхана.
Соңғы жаңалықтар